02 сәу, 2021 сағат 15:27

Жапонияның үш префектурасында коронавирусқа байланысты шектеулер күшейтіледі

Жапония үкіметі Осака, Хиого және Мияги префектураларында инфекцияның күрт өршуіне байланысты коронавирусқа қарсы қатаң шаралар қолдану туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Kyodo News

Шаралар, оның ішінде жұмыс уақытын қысқарту туралы ұйғарымдарды елемейтін қоғамдық тамақтану орындарына салынатын айыппұлдар 5 сәуірден бастап бір ай ішінде күшіне енеді. 

«Бұл шаралар коронавирустың таралуын тоқтату және тағы бір төтенше жағдай енгізу қажеттілігін болдырмау үшін қажет», - деп мәлімдеді премьер-министр Ёсихиде Суга.

Осакада бейсенбіде індетке шалдығудың 616 жаңа жағдайы анықталуына байланысты ел үкіметі осындай шаралар қабылдауға мәжбүр болып отыр. Бұл – екі айдан астам уақыт ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Тіпті Токиодағы көрсеткіштен де асып түсті, мұнда 475 жағдай анықталды. Ал ел астанасындағы жазғы Олимпиада ойындарына төрт айдан аз уақыт қалды.

Коронавирус жұқтыру жағдайлары Миягиде де өсуде. Мұнда сәрсенбіде ауру жұқтырудың 200 жаңа жағдайы тіркелген. Хиогода да ауруға шалдығушылар саны артып жатыр, онда 211 жағдай анықталды. 

Мейрамханалар мен барлар сағат 20:00-ге дейін жабылады және оны сақтамағаны үшін 200 000 иен (1800 доллар) айыппұл салынуы мүмкін. Концерттер мен спорттық ойындар сияқты ірі іс-шараларға келушілердің саны 5000 адамнан аспауы тиіс.