21 ақп, 2022 сағат 18:22

Жапонияның солтүстігінде қалың қар жауып, көлік қозғалысы тоқтады


Дүйсенбі Жапонияның солтүстігінде қалың қар жауып, әуе және теміржол қозғалысы тоқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кyodо агенттігіне сілтеме жасап.

Таңғы 9:30-дағы жағдай бойынша, Хоккайдо аралындағы Титосе әуежайында 140-қа жуық рейс кейінге шегерілді. Hokkaido Railway Co. компаниясы JR Саппоро станциясына барып-қайтатын барлық пойыздардың қозғалысын тоқтатты. 

Таңғы 10:50-дегі жағдай бойынша, Саппоро мен Хоккайдоның басқа да аудандарында 970-тен астам пойыз рейсі алынып тасталды. Бұл өңірде күніне 1 230 рейс жасалынады. Яғни, өңірдегі рейстердің 70%-ы тоқтатылған.

Жапонияның метеорологиялық агенттігінің деректеріне сәйкес, Хоккайдо астанасында бір тәулік ішінде дүйсенбі күні таңғы сағат 6-ға дейін 11 см қар түскен.

Хокутодағы Хакодате-Эсаси тасжолында бірнеше автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болған, салдарынан жеті адам ауруханаға жеткізілді. Жергілікті құтқарушылардың мәлімдеуінше, олардың біреуі қайтыс болған.

Жергілікті полицияның хабарлауынша, Тобецуда жеті көлік соқтығысып, екі ер адам жеңіл жарақаттар алған. Көліктер қатарында автоцистерна болған.

Агенттіктің деректеріне қарағанда, Хоккайдо мен Тохокуда екпіні 126 сағ/км жел күтіледі. Сонымен қатар Хоккайдо, Тохоку және Хокурику өңірлерінде мұхит толқындарының биіктігі 6 метрге дейін жетпек.