30 қар, 2021 сағат 14:54

Жапонияда омикрон штамын жұқтыру жағдайы тіркелді


Жапония астанасы Токиодағы Нарита әуежайында коронавирустың жаңа омикрон штамын жұқтыру жағдайы тіркелді. Бұл туралы сейсенбі күні Kyodo агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа штамм анықталған ер адам 30-40 жас аралығында, Намибиядан ұшып келген. Шекарадан өту кезінде одан вирус анықталып, оқшауланған. Одан кейін дәрігерлер омикрон штамын анықтау үшін қосымша талдау жасаған. Нәтижесі оң болып шықты.

Әлемде омикрон штамының таралуына байланысты Жапония 30 қарашадан бастап үш апта бұрын шетелдік бизнесмендерге, студенттер мен техникалық тағылымгерлерге елге кіруге енгізілген жеңілдетулерді алып тастады. Сонымен қатар барлық елдер азаматтарына жаңа виза беруді тоқтатты. Аталған шаралар мамандар жаңа штамның қаупі туралы қорытындыға келмейінше, бір ай көлемінде қолданылады. Керек болған жағдайда шектеулер созылатын болады.

Сонымен қатар Жапония 30 қарашадан бастап 23 ел мен өңірден келушілерге карантиндік шараларды күшейтті. Одан бөлек, Ангола, ОАР, Зимбабве, Намибия елдерін қосқанда, Африканың 10 елінен келген азаматтарды он күндік карантинге жіберетін болады.