Токиодағы Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеті олимпиада алауы эстафетасын өткізу кезінде коронавирустың таралуына қарсы іс-қимыл жоспарын жариялады, деп хабарлайды Kyodo News агенттігі.
Оның ішінде егер белгілі бір талаптар орындалмаса эстафетаның тоқтатылуы мүмкін екені айтылған.
Құжатқа сәйкес, егер алау жүріп өтетін бағытта адам тым көп жиналса эстафета тоқтатылуы мүмкін. Осыған байланысты ұйымдастыру комитеті жергілікті тұрғындарды алаумен жүгіріп өту рәсімін тікелей эфирден ғана тамашалауға шақырады.
Ұйымдастырушылар да маска тағу, әлеуметтік қашықтық сақтау, дезинфекция құралдарын пайдалану сынды қауіпсіздік шараларының барлығы сақталу қажеттігін атап өтті.
Олимпиада алауы эстафетасына қатысатын танымал адамдарды ұйымдастырушылар толығымен қорғау мүмкін болатын аймақтарға жеткізеді.