Фото: РИА Новости
Жапония үкіметінің басшысы болып Сигэру Исиба сайланды. Оның кандидатурасына парламент депутаттарының көпшілігі дауыс берді. Дауыс беру нәтижелері бойынша, Жапониядағы билеуші Либералды-демократиялық партияның (ЛДП) жетекшісі Сигэру Исиба елдің премьер-министрі қызметін атқарады.
ТАСС агенттігінің мәліметі бойынша, төменгі палатаның 465 депутатының 291-і оған дауыс берді. Исибаның қарсыласы, Конституциялық-демократиялық партияның жетекшісі Ёсихико Нода 100 дауыс жинады.
РИА Новости хабарына сенсек, Исибаның сайлануы көбінесе формальділік болған, себебі билеуші коалицияның құрамындағы ЛДП және "Комэйто" партиясы парламенттің төменгі және жоғарғы палаталарында көпшілік орынға ие. Жоғарғы палатада дауыс беру жақын арада өтеді.
Еске сала кетейік, Жапония үкіметі премьер-министр Фумио Кисиданың басшылығымен отставкаға кетті. Бұған дейін, тамызда, Кисида өзінің Либералды-демократиялық партияның жетекшісі лауазымына кандидатурасын ұсынбайтынын растады.
Дегенмен ол саясатта қалатын және жаңа партия жетекшісін қолдайтынын айтты. Кисида Жапония үкіметін 2021 жылдың қазанында басқарды – сайлауда ол билеуші партияның жетекшісі және елдің премьер-министрі болды. Саясаткер Жапонияның жүзінші премьер-министрі ретінде аталды. Бұған дейін ол ұзақ жылдар бойы Жапонияның сыртқы істер министрі қызметін атқарған.
BBC мәліметінше, Ишиба партия ішінде танымал емес саясаткер болып саналады. Мұның себебі - либералды көзқарастары. Атап айтқанда, Исиба әйелдердің құқықтарын империялық таққа келу мүмкіндігіне дейін кеңейтуді жақтайды.
Басылым сарапшыларының айтуынша, инфляцияның күшеюі, экономикадағы тоқырау және ЛДП-ның әлеуметтік саласындағы проблемалар аясында "ыңғайсыз" кандидат өзіне деген сенімді қалпына келтіруге тырысады.