Жапония императоры Нарухитоның таққа отыруына орай 22 қазанда өтуі тиіс салтанатты парад тайфун салдарынан басқа күнге көшірілуі мүмкін, деп хабарлайды NHK телеарнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, қазір Жапония үкіметі осы мәселені талқылап жатыр. Қай күнге көшірілуі мүмкін екендігі туралы әзірге хабар жоқ.
Еске салайық, Жапонияға сенбі күні жеткен «Хагибис» тайфуны елге зор шығын келтірген болатын.
Ал бүгінгі деректер бойынша, табиғаттың тосын мінезінен опат болғандар саны 77 адамға жеткен.
Айта кетейік, бұрын Жапония үкіметі елдің жаңа императоры Нарухитоның таққа отыруына байланысты сотты болған 550 мың адамға рақымшылық жариялауды көздеп отырғанын хабарлаған болатынбыз.
Император Нарухито биыл 1 мамырда таққа отырған. Сол кезде оған мемлекеттің бас мөрі мен император мөрі, мемлекеттік символдар тапсырылған.
Бірақ жаңа императордың таққа отыруына байланысты басты салтанаттар 22 қазанға белгіленген, сондай-ақ қараша айында да жалғасуы тиіс.