Қазақстан шахмат федерациясының президенті, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бүгін қазақстандық гроссмейстер Жансая Әбдімәлікпен кездесіп, оны кәсіби жетістігімен жеке құттықтап, Шахмат федерациясының ең жоғары наградаларының бірі – «Дара» орденін тапсырды, деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, Гибралтардағы әйелдер арасындағы шахматтан Гран-при кезеңіндегі ойынының қорытындысы бойынша Жансая Әбдімәлік тарихи жетістіктің авторы болды. Бірде-бір ойында жеңілмеген шахматшы мәртебелі жарыста мерзімінен бұрын жеңіске жетіп қана қоймай, сонымен қатар халықаралық гроссмейстер атағын алған алғашқы қазақстандық, сондай-ақ Орталық Азия өкілі болды.
Бейбіт Атамқұлов спортшыны жетістігімен шын жүректен құттықтап, еліміздің спорт жетістіктері қазынасына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, шахматшыға жаңа жетістіктер тіледі.
Айта кетейік, Жансая Әбдімәлік – қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер.
Өзінің алғашқы атағын Жансая Әбдімәлік алты жасында, 2006 жылы Алматы қаласының чемпионатында 8 жасқа дейінгі қыздар арасында жеңіп алған.