31 қаң, 2017 сағат 09:04

«Жаңғырған» Жолдау-2017 немесе «бәрі бар, тек саяси реформа жоқ!»

Елбасының Жолдауымен танысып шықтым. Орынды да ретті біраз нәрсе айтылған. Цифрлық экономика, жаңа технологиялар, шағын бизнесті дамыту, терроризм және жемқорлықпен күрес және тағысын тағы. Ондай игі мақсаттарға қалай қарсы боласың?

Бірақ бірнеше сұрақ туады.

2017-жылы алға қойып отырған біраз мәселені баяғыда-ақ шешіп тастауға болатын еді ғой. Ол үшін президенттің жыл сайынғы Жолдауының орындалуы туралы парламент пен үкіметтің есебі жарияланып тұратын, оған халық баға беретін дәстүр қалыптасуы керек! Олай болмаса, баяғы жолдау сол жолдау боп қала береді. Неге осы күнге дейін осындай жүйе енгізілмеген? Меніңше, шенеуніктер нақты жауапкершіліктен қашып отыр!

Екінші жайт Қазақстанға көшірілетін қытай кәсіпорындарына қатысты. Әлі күнге дейін олардың толық тізімі, бізге келуінің нақты шарттары, әсіресе, жұмыс күші мен қаржылық негіздері, экологиялық стандарттарға сәйкестігі жайында ешнәрсе айтылмайды. Қоғамда қалыптасып келе жатқан наразылықты одан сайын өршітпеу үшін ол сауалдарға бүгіннің өзінде жауап беру керек!

Цифрлық экономика туралы көп айтылған. Әрине, ол заман талабы. Бірақ мәселе тек оны формальды түрде енгізуге ғана тірелмейді ғой, оның басқа да, тереңірек астарлары бар. Мәселен, соның әсерінен қысқартылып қалатын жұмыс орындары мен жойылуға тиіс тұтас салалар мен кәсіпорындардың нақты тағдыры не болмақ? Ең басты мәселе мынада – цифрлық экономика ескі, жемқорлыққа даңғыл жол ашатын заңдар бойынша жұмыс істей бере ме?

Білім беру саласында орыс тілінің орнына ағылшын тілі көбірек айтылыпты. Оған да шүкір. Бірақ, ол тілдің де мәртебесі қазақ тілінің есебінен өспеуі тиіс!

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде ресми және бейресми түрдегі жұмыссыздар қалай денсаулығын сақтамақ?

Зейнетақы 20 пайызға көбейтілмек, ал бағаның өсуін кім қадағаламақ? Және де зейнетақымен бірге неге мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы, студенттердің стипендиясы неге көтерілмейді?

Меншік құқын қорғауды күшейту талабы кеше ғана Конституцияға енгізілуге ұсынылып отырған шетел азаматтарының Қазақстандағы меншігін қорғауға ұласып кетпей ме? Және ол қадам мемлекет қауіпсіздігіне қандай әсер етпек?

Жолдауға қарасақ, елдегі тұрақтылықты бұза алатын тек қана діни терроризм екен. Ал жер-жерде болып жатқан әртүрлі кеселді жағдайларға қатысты қоғамдық наразылықтың өршуі, оның потенциалы туралы айтылмаған. Меніңше, ол дұрыс емес: билік қисық заңдар мен кесірлі шенеуніктердің теріс әсерлерінен болып жатқан дүмпу-дүмпу наразылықты болдырмау жайында нақты бағдарлама жасақтауы тиіс! Және де ол өз халқымен, азаматтық қоғаммен толыққанды диалог орнатудан басталуы тиіс!

Үкімет пен ҰҚК-не «Қазақстан киберқалқаны» атты бағдарламаны әзірлеу тапсырылыпты. Киберқылмыспен күресеміз деп Интернеттегі балама пікір иелерін қудалау, оларды желіде аңдып-қадағалауды қолға алмай ма деген де сауалдар жоқ емес.

Ең бастысы – бұл Жолдауда бәрі бар да, «саяси реформа» деген бір ауыз сөз жоқ! Рас, осыдан бес күн бұрын елбасының өзі «билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу туралы» ұсыныс жасап, қалғып-мүлгіп жатқан қоғамдық ойды бір серпілтіп тастап еді.
Ендігі жерде «өзі айтқан саяси өзгерістер туралы талап Жолдауға енбеген соң, одан не қадір?» деген сұрақ та пайда болып жатыр...

Әміржан Қосанов