Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты өлке тарихына қатысты құнды құжаттармен толықты. Ресей Федерациясы Татарстан Республикасының Ұлттық архивіне барған мұрағат қызметкерлері ХV-ХХ ғасырларға тиесілі құжаттарды тапты.
Қазандағы Ұлттық архивте Қазақстанның батыс облыстарының тарихына қатысты біраз деректер жинақталған. Олардың қатарында Қазан оқу округі қорытындысы, Ішкі Бөкей Ордасы жайлы құжаттар, Қазанның рухани семинариясы, мұғалімдер семинариясының істері бар. Түрколог ғалым Николай Катановтың «Қырғыздар: кеше және бүгін» атты Қазан университетінде оқыған лекциясының көшірмесімен де атыраулықтар таныса алады. «ХІХ ғасырдың 60-жылдары қазына есебінен Бөкей Ордасында жаңа мектеп ашу, Қазан университетінің құрметті мүшесі етіп Жәңгір ханды бекіту, ішкі Қырғыз Ордасы бастауыш училищесінің жұмысын жүйелендіру туралы құжаттарды әкелдік. Жәңгір ханның мектеп, орыс-қырғыз училищесі мен кітапхана ашу жөніндегі деректерге сүйене отырып, оның Қазақстанда, Ішкі Бөкей Ордасында білім саласында тұңғыш реформа жасағанын аңғаруға болады», дейді мұрағаттың бөлім басшысы Райса Тастемірова. Сапар барысында Жәңгір ханның ел экономикасын, білімі мен мәдениетін көтеруге бағытталған 100-ге жуық құжаттарының көшірмелері әкелінген.
1860 жылы Жайық өзені маңына қазақтарды орналастырып, көшіруге байланысты жасалған дала қазақтарының рулар тізімі, жыр-дастандар мен жоқтаулардың көшірмелері де құнды құжаттар қатарында. Қазір мұрағат қызметкерлері шетелдік қорлардан табылған жаңа жазба деректерді сараптап жатыр. Жалпы, облыстық мемлекеттік мұрағат қорында 400 мың құнды құжат сақталған.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан» гезеті