05 сәу, 2026 сағат 14:06

Үкімет Қожа Ахмет Ясауи мұрасын насихаттау жоспарын бекітті

Фото: Zakon.kz

Қазақстан Үкіметі Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ілгерілету және насихаттауға арналған 2026–2028 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған, деп хабарлайды Ult.kz.

Құжатта ұлы ойшылдың мұрасын зерттеу, сақтау және кеңінен таныту, сондай-ақ Түркістан қаласын рухани туризмнің негізгі орталықтарының біріне айналдыруға бағытталған 37 іс-шара қамтылған.

Жоспар бес негізгі бағытты қамтиды: институционалдық және құқықтық базаны жетілдіру, ғылыми-зерттеу және білім беру, мәдени-ағартушылық және шығармашылық жобалар, ақпараттық-имидждік және халықаралық іс-шаралар, сондай-ақ қалпына келтіру жұмыстары.

Атап айтқанда, жастар мен оқушыларға ерекше көңіл бөлініп отыр. Түркістанда «Ясауитану» байқауының республикалық кезеңін өткізу және музей жанынан арнайы клуб ашу жоспарланған.

Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауидің шығармалары мен ғылыми еңбектерін басып шығару, оның мұрасын отандық және шетелдік архивтерден іздестіру, құжаттар каталогін әзірлеу көзделген.

Туризмді дамыту мақсатында шетелдік қонақтарға арналған жаңа маршруттар әзірлеу, гайдбуктар, бейнероликтер мен аудиогидтерді жаңарту, сондай-ақ кесенеде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясында Ясауи мұрасын насихаттау, сондай-ақ халықаралық деңгейде арнайы мәдени күндер жариялау мәселесі қарастырылмақ.

Жоспарды жүзеге асыру Ясауи мұрасын сақтау мен зерттеу жұмыстарын кеңейтіп, оны ел ішінде және шетелде кеңінен танытуға, сондай-ақ Түркістанның рухани, мәдени және туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.