Фото: Ақорда
Иран архивінен табылған қазаққа қатысты көне қолжазбалар алғаш рет көпшілікке көрсетілді, деп хабарлайды Ult.kz.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Президенті Масуд Пезешкиан Иран Сыртқы істер министрлігінің мұрағатында сақталған қазақ тарихына қатысты бірегей құжаттар көрмесін тамашалады. Көрмеде XVIII–XIX ғасырларда қазақ даласында болған қоғамдық-саяси оқиғаларды сипаттайтын 27 көне қолжазбаның көшірмесі қойылды.
Бұл жәдігерлер — екі халық арасындағы терең тарихи байланыстың тағы бір дәлелі. Бұған дейін ғылыми айналымда болмаған бірқатар дерек алғаш рет жарияланып отыр.
Мемлекет басшысы құнды материалдар үшін ирандық тарапқа ризашылығын білдірді.
– Бұл – аса құнды сыйлық. Бұл көрмені қазақ жұртшылығына міндетті түрде көрсетеміз, БАҚ арқылы кеңінен таныстырамыз. Ішінде бұрын белгісіз болған деректер бар екен. Халқымыз үшін өте пайдалы болады деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
