16 қыр, 2019 сағат 14:41

Жанар Хамитованың қазасына қатысты тың дерек шықты

"Арнау" тобының экс-әншісі Жанар Хамитова қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұл туралы ақпаратты тележүргізуші Анна Данченко растады.

"Әншінің қайтыс болғаны туралы ақпарат рас. Бұл ақпаратты маған Жанардың ағасы растады. Оның айтуынша, Жанар бүгін таңғы сағат 9-да Қарақаралы өңіріндегі өз ауылында қайтыс болған. Алайда неден қайтыс болғаны белгісіз. Ол туралы ағасы айтқан жоқ", - деді ол. 

Әртістің қайтыс болғанын әнші Сиви Махмудидің өкілі де растады.

Жанар Хамитова 1989 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Жастайынан музыкаға қабілеті байқалған. 5 жыл домбыра үйірмесіне барып, 8-сыныптан ән айта бастапты.

2006 жылы Super Star мега жобасына қатысты. Бұл жобадан соң Жанар түрлі музыкалық топтардың құрамында өнер көрсетті. Кейін Нұржан Керменбаевпен бірге "Арнау" дуэтінің әншісі болды. 2009 жылы ол "Арнау" дуэтінің құрамынан бөлініп кетті.

2019 жылдың сәуір айында Жанар Хамитова "Астарлы ақиқат" бағдарламасына берген сұқбатында жұпыны өмір сүретінін, Алматыда жалғыз пәтер жалдап тұратынын, арасында мейрамханада ыдыс жуып, күн көретінін айтқан. Бағдарлама барысында әнші сахнаға оралғысы келетінін де атап өткен.

Оның бұл арманын жүзеге асыруға әнші Сиви Махмуди көмектескен. Қазақстандық БАҚ-тағы мәліметке сәйкес, Сиви Жанарды өз қамқорлығына алып, "аяққа тұруына көмектескен". Кейін әншілердің арасында түсінбестік пайда болыпты. Мұны Сиви Жанардың ауыр мінезімен байланыстырған еді.