26 шіл, 2016 сағат 16:17

Жаңалықтар жарысы – «итті адам тістеп алыпты…»

«Нью Йорк Сан» газетінің шығарушысы Чарльз Андерсон Дейна: «Егер ит адамды тістеп алса – жаңалық емес, жаңалық – егер адам итті тістеп алса…» – дейді. Біздер, кейбір журналистер қоғамды осындай үрдіске үйретіп алған секілдіміз.

Ағылшынның әйгілі драматургы Джордж Бернард Шоудың: «Газет велосипедтің апаты мен өркениет күйреуінің арасындағы айырмашылықты білмейді», – деуінде де мән берер мәселе бар.

Өйткені, репортаждың рейтингі сенсациямен өлшенетін болды. Қазір қоғамды «шулатпасаң» ешкім сізді «танымайды» яки журналистикада «жұлдызың жанбайды…» Тым болмағанда «тыраштанып» тақырыпты айқайлатып қоямыз. Оның үстіне дін тақырыбы ақпарат майданында жүрген базбір адамның негізгі «нысанасына» айналғандай. Әрине, қазіргі ашық қоғамда ақпаратқа «тұсау» салам деу – санаға сыйымсыз.

Біздің айтайын дегеніміз – дін нәзік мәселе болғандықтан бұл тақырыпқа байсалды қарау ләзім, аса жауапкершілік қажет. Сенім – адамға қайрат беретін күш әрі пенденің ең әлсіз тұсы деуге болады. Біреудің сенімін қорлаудан артық қиянат жоқ шығар.

Діни көзқарастар қайшылығы пайда болғанда кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері екі жақтың пікірін бірдей ұсынамыз дегенді алға тартып, дауласып жүргендерді «шаршы алаңға» шақырып, ал енді бірің өл, бірің тіріл дегендей, пікірталасты төбеден тамашалап тұрады. Екі жақ бір-біріне базынасын айтып, мәмілеге келсе мейлі-ау. Қос тараптың қолдаушы оқырмандары «шаршы алаң» сыртында (мақаланың астына пікір жазып) өзара «төбелесті» бастап кетеді.

Салдарын айта берсе – сұмдық. Ал БАҚ басшысы жауапкершіліктен бұрын сайттың немесе газеттің таныла беруін тілейтіні байқалады. Қаншама жүректер «жараланды», қаншама ғайбат сөздер айтылды, қаншама жақсы ойлар жаман сөзбен былғанды десеңші… Ақпарат саласындағы осындай үрейлі үрдіс онсыз да бөлінуге «бейім» тұратын бізді одан сайын бөлуге ықпал етіп жатқанын несіне жасырайық?! Ақпараттық кеңістікте айтыс-тартысты іздеп жүріп жариялаудың жөні осы ма?

Өткен жолы көрген жерде сәлем-сауқат сұрасып, сыйласып жүретін қадірлі бір әріптесімнің: «Сендердің мекемелеріңді «жақсылап» сынап, бір шулатып қоймасақ, біздің сайтқа назар аудармайсыңдар. Әйтпесе, бізді ешкім оқи бермейді», – деп қалжыңдағаны бар. Оған енді не айтуға болады? «Сіздей парасатты адам ондай пиғылға бара қоймас», – деп қойдық жымиып. Болмашы рейтинг үшін дін тақырыбынан «танымалдылық» іздеу кімге тиімді? Тағы да сол әне-міне деп жақсылыққа жуықтай алмай жүрген жанның иманын шайқалттық. Жүрек шіркін талас-тартысқа да үйреніп, бейімделіп қалады екен. Әділеттілік пен жақсылық үшін сөз жарыстырудың, мәселе көтерудің жөні бөлек. Алайда діни салада көркем пікірталас көрініс таппай жатқаны аңғарылады. Айтылған ойдың көбісі жеке басқа тиісу, абыройын төгуге тырысу немесе оның сенімін күстәналау. Пікірталас әдебі сақталмауда.

Сөз жауапкершілігі деген бар. «Жақсы сөйле немесе үндеме», – деген пайғамбар өнегесі бар. Осы хадис түйсікте жаңғырып тұрса қанікей!

Кеше кітаптан Жүсіп Хас Қажыб Баласағұнидың:

«Қадірлісі – тіліне ұят сіңгендер,

Жүрек сөзін жүрегімен білгендер.

Тура сөзге келгенде тіл тартпағын,

Қыңыр сөзді жасыр, текке лақпағын», – деген өлеңін оқып қалдық. Ойланушыға ойсалар дүние екен.

Мақсатымыз – мораль оқу емес – жақсылыққа болысу ғана.

Әріптестерге төл мерекеде біз тараптан айтылған тілек қой. Алла жар болсын! Қалам мұқалмасын. Жазар жақсылықтар көбейсін!

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерішісі