28 мам, 2021 сағат 17:10

Жаңа туған сәби де коронавируспен ауруы мүмкін – еліміздің бас педиатры


Жаңа туған сәби де коронавируспен ауруы мүмкін. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас педиатры, медицина ғылымдарының докторы Риза Боранбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ересектерге қарағанда балалар коронавирус инфекциясымен сирек ауырады. Жалпы, балаларда ауру симптомсыз немесе жеңіл формада өтеді. Дегенмен Covid-19-дың балалар арасында ауыр өтетін жағдайларын да жоққа шығаруға болмайды. Тіпті, жаңа туған сәби де ауырып қалуы мүмкін. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бері Covid-19-дың нақтыланған диагнозымен 16 245 бала, оның ішінде 34 жаңа туған сәби тіркелді. 13 985 пациент емделіп шықты. Бұл шамамен 80 пайызды құрайды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында. 

Оның атап өтуінше, коронавируспен ауырған балалардың 90 пайызында инфекция симптомсыз формада өткен. Балалардың 10 пайызы орташа ауыр және 0,1 пайызы ауыр формада ауырған. 

«Ауырғандардың арасында тек 58 балаға вирустық өкпе қабынуы диагнозы қойылды. Вирустық өкпе қабынуы балалар арасында әдетте өте сирек кездеседі. Елімізде балаларға вакцина салынбайды. Оның үстіне коронавирусты емдейтін ресми дәрілік зат та жоқ. Сондықтан олардың қорғаудың маңызы құралы - эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтау. Вирусты ауа-тамшы жолымен таралады. Осыған байланысты балаға жөтелгенде немесе түшкіргенде ауызды орамалмен жабуды, қолды үнемі жууды, ауызды, мұрынды және көзді ұстамауды үйрету керек»,- деді Риза Боранбаева.