ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылында мектептерді ашу жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ең алдымен жаңа оқу жылында мектептер ашылып, балаларға дәстүрлі форматта оқу мүмкіндігі беріледі деп үміттенеміз. Бірақ әрине, бұл үшін ең маңызды негізгі шарттарды орындау қажет: қарапайым санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау, вакциналау және мектептердің дәстүрлі форматта жұмыс істеуі үшін белгілі бір аймақтың «қызыл» аймақта емес, «жасыл» аймақта болғаны жөн», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Білім министрі келесі оқу жылында балалардың дәстүрлі форматта білім алуы үшін мектептердің ашылатынына үміт артатынын айтты.
«Өздеріңізге белгілі, қазіргі вакциналаудың жалпы қарқыны, аурудың төмендеп жатқаны келесі жылдың басын өте оптимисті жоспарлауға мүмкіндік береді. Келесі оқу жылында мектептерімізді ашып, балаларды дәстүрлі форматта оқыту қолымыздан келеді деп ойлаймын», - деп дейді министр.