2021 жылдың шілдесінен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізіледі. Жаңа заңның мемлекеттің құқықтық, сот жүйесіне, соның ішінде мемлекеттік органдардың қызметіне тың серпін берерін атап өткен жөн. Заңның өзгешелігі мен елдің құқықтық жүүйесіндегі бетбұрыс жасау мүмкіндіктеріне жаңа заңмен танысу, Жоғарғы Сотпен халықаралық ұйымдардың қатысуымен ұйымдастырылған оқулар тыңдаушысы болу барысында көз жеткіздім.
Еуропа, Балтық, сонымен қатар посткеңестік мемлекеттердің көбінің құқықтық жүйелерінде әкімшілік әділеттің дамығаны белгілі. Біздің елімізде де заңның қабылдануы кезек күттірмейтін шара екені 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында да, кейіннен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауыннан да анық аңғарылады. Соның ішінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әділетті мемлекет» тұжырмдамалары, әділ сот төрелігі, соттардың мамандандырылуы секілді негізгі бағыттар айқындалып, қоғамның соттарға деген сенімін орнықтыру басымдығы бар мақсатқа айналу керектігі айтылған болатын.
Күнделікті өмірде жеке және заңды тұлғалар үнемі мемлекеттік органдарының қызметіне жүгінеді және олармен қатынастарға түседі. Бұл қатынастар билік және бағыну қатынастарынан туындайтындықтан, қатысушылардың теңсіздігімен ерекшеленеді. Бұл ретте мемлекет атынан өкілеттік ететін басқару органы қызметінің ерекшелігі ескеріліп, азаматтар мен заңды тұлғаларға олардың құқықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғалу құқығына кепілдік берілуі тиіс. Сол жария құқықтық қатынастарда адам құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тетіктерінің бірі- Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекс.
Жаңа заң құқықтық жүйе үшін жаңа құжат, мемлекеттік құрылымда, қоғамда бетбұрыс жасайтын тың заңнама. Кодекс жария-құқықтық дау кезінде мемлекеттік құрылымдар мен қарапайым азаматтардың теңдей мүмкіндікке ие болуын қамтамасыз етумен қатар, мемлекеттік басқару аясындағы заңнаманың осы уақытқа дейін бір жүйеге түспеген олқылықтарды шешуге бағытталған.
Кодекс құрылымы бойынша екі бөлікке бөлінеді: бірі-рәсімдік бөлігі, екіншісі-сот ісін жүргізу бөлігі. Рәсімдік бөлік мемлекеттік органдардың рәсімдерін,соның ішінде мемлекеттік органның өкілеттіктері мен әкімшілік актінің қабылдануы мен шағымдалуы тәртібін айқындаса, сот ісін жүргізу бөлігінде талап қою түрлері, істерді қарау тәртібі, сот шешімі, сот бақылауы секілді іс жүргізу тәртібі бекітілген.
Бүгінгі күнге дейін жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген даулар Азаматтық процестік Кодекс аясында қаралуда. Азаматтық процестік заңнамада бұған дейін де мемлекеттік органдар (лауазымды тұлғалардың) іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым беру кезінде көрсетілген істер бойынша дәлелдеу ауыртпалығы актілеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, қоғамдық бірлестіктерге, ұйымдарға, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілерге жүктелетіндігі жөнінде ереже бар. Алайда бұл дәлелдеу міндеті жалпы азаматтық іс жүргізудегі тараптардың сот өндірісіндегі теңдігі қағидасы аясының көлеңкесінде қалып, осы қағидамен талап қою өндірістері бойынша іс қарауға дағдыланған судьялардың да дәлелдеу ауыртпалығын бір тарапқа жүктеп қоюы тәжірибеде көп кездесе бермеген жағдай.
Жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекс мемлекеттік органдарға дәлелдеу міндетін жүктей отырып, сонымен қатар соттың процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқығын белгілеген.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бойынша әкімшілік рәсімдер мен істердің қаралу қағидаттары өзіндік ерекшеліктерге ие.
Соның бірі- әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылатындығы. Талапкердің дәлелдемелерді ұсыну мүмкіндігінің шектелуіне байланысты жауапкерге даулардың бірқатар санаттары бойынша оның шығарған құқықтық актілері мен әрекетінің (әрекетсіздігінің) заңдылығын, олардың ұсынылған құзырет шегінде әзірленіп қабылданғандығын, қажетті әрі дұрыс екендігін дәлелдеу міндеті жүктеледі. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.
Ұлттық заңнамада бұрын қағидаттар ретінде ерекше аталмаған қағидаттар ретінде сенім құқығын қорғау және мөлшерлестік қағидаттарын атауға болады.
Сенім құқығын қорғау қағидатының ұғымы азаматтардың, заңды тұлғалардың мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның тек заңды әрекет етеді деген түсінігін білдіреді.
Кодекстің 13 бабына сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады. Әкімшілік орган, лауазымды адам немесе сот Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теріс деп белгілемейінше, әкімшілік акті, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) заңды және негізді деп есептеледі.
Құқықтық салаға үлкен бетбұрыс жасаған бұл құжаттың жаңашылдықтары бірі-соттың істерді қарауға кететін ақылға қонымды мерзімі.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімдерінің институты Ресейде, Германияда, Латвияда және Еуропаның басқа да елдерінде бұрыннан сәтті қолданылуда. Айталық Германияда әкімшілік істер бойынша ақылға қонымды мерзімді судьяның өзі белгілейді. Негізі әкімшілік іс бойынша сот актісін дайындауға заң бойынша он бес күн берілген. Мерзімді ұзарту істің күрделілігіне, құжаттарды алдырудың қиындығына байланысты өзгереді. Осындай тетіктің арқасында мысалға алсақ, Германиядағы істер өте сапалы, жоғары ыждағаттылықпен қаралып, олардың шешіміне шағым түсе бермейді.
Мемлекеттік басқару аясындағы адам құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуынан қорғау өз кезегінде әкімшілік әділеттің құзіретінде. Әкімшілік әділеттің дамуы, сыртқы соттық бақылау, мемлекеттік органдардың қызметінің тиімділігінің, шешімдерінің сапалылығы мен негізділігінің артуына әсер етері сөзсіз. Өз кезегінде әкімшілік әділеттің сот жүйесіне тигізер әсері де бар. Тараптардың теңсіздігінен басталатын, биліктің ең күшті тармағы-атқару билігімен дауласуда соттың бейтарап, тәуелсіз бола білуі, әділ шешім шығаруы халықтың сотқа деген сенімін арттырып қана қоймай, мемлекеттік басқару қызметін сапалы басқарудың әлемдік стандарттарына қол жеткізуге септігін тигізеді.
Шынаргүл Шайдиева,
Орал қаласының №2 сотының судьясы