Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырғалы отырған түлектерге бірқатар кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Баласы атқа мінсе, ата-анасы тақымын қысып отырады. Сондықтан, балалар үлкен емтихан тапсыратын кезде ата-аналар қатты қобалжиды. Кей уақытта балалардан бұрын ата-анасы қатты уайымға батып жатады. Сол себепті ата-аналар өз баласына сенуі керек. Бұл - кәдімгі емтихан. Жаңа ғана атап өткенімдей, бұл емтиханның алғашқы кезеңдері қаңтар және наурыз айларында өтіп, оған 115 мың бала қатысты. Сол пунктілерге барды. Олар телефонды тұншықтыратын құрылғылардың барын біледі, аудиторияларды көрді. Жалпы, психологиялық дайындық деңгейі жаман емес деген ойдамын. Сондықтан, ата-аналар өз баласы үшін қобалжымай, оған керісінше көмектесіп, қолдау көрсетіп, жігерлендіргені абзал», - деді Асхат Аймағамбетов Үкіметтің баспасөз орталығында.
Министр сонымен қатар, Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырғалы отырған түлектерге ақылын айтты.
«Түлектер мен ата-аналарға айтарым: ең бастысы - уайымдамау керек. Адам өзімен бірге «шпаргалка» немесе ұялы телефон алып жүрсе, ең алдымен, өзінің мазасы кетеді. Ең біріншіден, «аудиторияға оны қалай кіргізем» деп басы қатады. Содан кейін «мені байқап қалмас үшін оны қалай пайдалансам болады» деп миы ашиды. Ол да уайым. Мұндай ойлар ешқашан сергуге көмектеспейді. Сол себепті, менің ойымша, өзіңе сенген дұрыс. Тест бойынша емес, бағдарламалық материалмен дайындалған абзал. Себебі, бұл өте маңызды. Өз тәжірибем бойынша білемін. Барлық ата-аналар мен мектеп түлектеріне сәттілік тілеймін», - деді Асхат Аймағамбетов.
Айта кетейік, елімізде 20-30 маусым аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді.