27 қаң, 2024 сағат 12:38

Жамбыл полицейлері Алматыдан көлік ұрлаған азаматты қолға түсірді

Фото: Polisia.kz

Жамбыл полицейлері Алматыдан көлік ұрлаған азаматты қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz порталы.

"24 қаңтар Жамбыл облысы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Алматыдан Toyota Camry автокөлігін ұрлап, Шымкент қаласы бағытында келе жатқан күдіктіні ұстау туралы бағдар алды.

ПД патрульдік полиция батальоны взводының қызметкерлері Батыс Еуропа – Батыс Қытай республикалық маңызы бар автожолының 240-шақырымында қызмет өткеру кезінде аталған автокөлікті байқап, оны тоқтату және ұстау үшін шаралар қабылдады.

Тексеру барысында жүргізушінің көлік құралын басқаруға тиісті құжаттары жоқ екендігі және іздеудегi ұрланған автокөлік ретінде тіркелгені анықталды" - делінген хабарламада.

Аталған көліктің салонында жүргізушіден басқа тағы 2 жолаушы болған. Көлік ұрлағаннан кейін ол ақша табуға шешім қабылдап, жолда екі жолаушыны отырғызған.


"Ұсталған жерге тез арада Қордай аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы келді. Қазіргі уақытта күдікті Алматы қаласы Бостандық ауданы ПБ әріптестеріне одан әрі анықтау мақсатында берiлді" - делінген медиа-портал мәліметінде.