Қазақстанда індет басталғалы бері жалған ПТР-анықтама жасағаны үшін азаматтардың үстінен 28 қылмыстық іс қозғалған. Жалған вакцина паспорт әзірлеу бойынша екі қылмыстық іс тіркелген. Бұл туралы ішкі істер министрлігі Vlast сайтына хабарлады.
"11 маусым күнгі ақпарат бойынша, тергеу бөлімінің өндірісінде жалған ПТР-анықтама, вакцина паспортын жасату мен пайдалануға қатысты 30 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде жалған құжат, штамп, мөр, бланк жасау, дайындау, айналымға енгізу бойынша 10 іс бар" деді министрліктің баспасөз қызметі.
Ведомствоның хабарлауынша, 2020 жылы 6 іс қозғалған, биыл 24 іс ашылған. Екі іс сотқа жіберілген, 12-сі тоқтаған, 16 іс өндірісте жатыр.
Мамыр айының басында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматыда вакцина алмаса да, электронды паспортқа ие болған адамның тергеліп жатқанын хабарлаған. Министрліктің ақпаратына қарағанда, делдалдар бірнеше клиниканың атынан жалған вакцина паспорт жасап береміз деп қызмет ұсынған. Сол үшін 5-25 мың теңге талап еткен.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар жарты миллионға жуықтады.