25 ақп, 2022 сағат 18:40

Жақыпбек Алтаев: «Жаңа Қазақстанды» құру үшін ұлттық идеологияны қалыптастыру керек


Кешегі «қаңтар қасіреті» ойламаған жерден болды. Халықты көшеге шығуға мәжбүр еткен - сананың оянуы мен ескіше өмір сүре алмайтынын түсіну. Алайда бейбіт басталған митингтің соңы тәртіпсіздікке, бүлікке ұласты. Халық кімнің арандатушы, кімнің бейбіт тұрғын екенін түсінбей қалды. Мұндайда ел басқарып отырған Президент нақты байлам жасап, шұғыл шешім қабылдамаса мақсатсыз, жоспарсыз елдің арандап қалуы әбден мүмкін. Мемлекет басшысының сол сындарлы сәтте қабылдаған шешімі негізінен елдегі тыныштықты қалпына келтіріп, халықтың қауіпсіздігін сақтауға, мемлекеттің тұтастығын қорғауға бағытталғанын бағамдау қиын емес.

"Азамат жетім болмайды - халықтан болса панасы, халық жетім болмайды - басшы болса данасы" дейді дара тұлға Сырым Датұлы. Сол айтпақшы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықпен бірге екенін, халықтың мүддесі үшін жұмыс істейтінін Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінен де аңғардық. Осы жиында Мемлекет басшысы халықтың қарсылығын тудырған, ренішін оятқан мәселелердің бәрін қамтып, бұл түйткілдерді шешуге назар аударатынын айтты. Онда  2025  жылға дейін іске асырылатын әлеуметтік, экономикалық және тағы басқа бағдарламаларды атап, оны жүзеге асыру жолын көрсетті. Бұл Мемлекет басшысының ойлау деңгейін, білімін көрсетіп, үлкен үміт арттырды. 

«Жаңа Қазақстанға» өту, әрине, оңай нәрсе емес. Үкімет отставкаға кетіп, билікке жаңа адамдар келіп жатыр. Өзгеру үшін уақыт керек, сабырлық керек. Бұл жерде ең бастысы халықтың ауызбірлігі, Президентті қолдауы маңызды. Айтқанына сенуі орынды. Өйткені ол тек Президентке ғана емес, бәрімізге байланысты. Әркім қолынан келгенше оң өзгеріске өз үлесін қосуы тиіс. Енді бізге кемшілікті теріп, қазбалап айта бергеннен ештеңе шықпайды. Тығырақтан шығар жолды ел болып, Президент болып бірге іздеп, оған бәріміз атсалысқан жағдайда ғана Қазақстанды жаңаша құруға мүмкіндік туады. 

40 жылға жуық уақыттан бері жоғары оқу орнында оқытушылық қызмет атқарып жүрмін ғой. Жастардың білімі де, мәдениеті де, отаншылдық сана-сезімі де ешкімнен кем емес. Енді біз жастарға көбірек көңіл бөліп, өздерін көрсетуіне мүмкіндік жасауымыз қажет. «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ, Еуропа мен Азияның ең алдыңғы қатарды жоғары оқу орындарында білім алып кеп жатқандары көп. Бұл да үлкен жетістік. Менің ойымша енді оларды жан-жаққа шашыратпай, шетелде алған білім мен тәжірибесін ел игілігіне тиімді пайдалансақ, аз уақыттың ішінде үлкен жетістікке жете аламыз. 

Әрине «Жаңа Қазақстанды» құру үшін елге біраз өзгерістер керек. Бұл үшін бірінші саяси реформа қажет. Екінші, күшті ұлттық идеологияны қалыптастыру керек. Ол - елдің экономикасын, әлеуметтік, материалдық байлығын көтеру. Халықтың жағдайын жақсарту. Президенттің жастарға сенім артып жатқанын өз басым қолдаймын. Бірнеше тілді білетін дипломат, саяси ғылымдар докторы болып, шетелде мол тәжірибе жинаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруы үшін біраз уақыт керек. Мемлекет басшысы Парламент жұмысын жаңа сатыға көтеруге көп мән беріп жатыр ғой. Менің ойымша, унитарлық мемлекет болғандықтан бізге бір палаталы Парламент жеткілікті сияқты.

Халықты Президенттің айналасына топтастыратын нәрсе ең алдымен - ұлттық идеология. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтып жүрген сөздерінен өз басым үлкен үміт күтем. Болашаққа деген сенімім де мол. Бірақ оны бір адам жалғыз өзі іске асыра алмайды. Халық қолдап, ел артына еру үшін білікті мамандар керек. Халықтың жағдайын білетін, оны тыңдайтын, сөзіне құлақ асатын мемлекет құру үшін жемқорлық пен сыбайластық сияқты теріс әдеттен мүмкіндігінше аулақ болуымыз қажет.

Еліміз - әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі. Қазба байлық та жеткілікті. Енді өзгерісті сөзбен емес, іспен жүзеге асыруымыз керек. Егер Мемлекет басшысын қолдап «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» іске білекті сыбанып кірісетін болсақ алынбайтын қамал жоқ. 

«Қаңтар оқиғасынан» кейін Президенттің бастамасымен халықтың пайдасына өте көп шешім жасалып жатыр. Демократиялық бағыттағы өзгерістерге де біртіндеп жол ашылады деген үміт бар. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек білімге, ғылымға арқа сүйеген елдің дамуға зор мүмкіндігі бар. «Қаңтар оқиғасы» кезінде біздің ұлттық, қоғамдық сана-сезіміміз де сынға түсті. 

Біздің бір ғана жеріміз, еліміз, Отанымыз бар екенін Президент те өз сөздерінде әрдайым қайталап, еске салып жүр. Бұл жайдан жай емес. Оны бәріміз түсініп, жан-дүниемізбен сезіне алсақ әлемнің ең озық мемлекеттерінің біріне айналарымыз күмәнсіз.   

Жақыпбек АЛТАЕВ, 

философия ғылымдарының докторы, профессор