07 жел, 2020 сағат 17:24

Жақындарыңызды қаржы пирамидасынан қалай қорғау қажет?

Биыл тоғыз айдың ішінде елімізде қаржы (инвестициялық) пирамидасына қатысты 146 факті анықталған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" fingramota.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстанда қаржы пирамидаларына тыйым салынған, алайда алаяқтар азаматтарды алдап-арбауын тоқтатпауда. Құқық қорғау органдарының дерегі бойынша 2019 жылы қаржы (инвестициялық) пирамида құрудың және оған басшылық етудің 24 фактісі анықталса, осы жылдың тек 9 айында 146 факті анықталған. 

Қаржы пирамидасын құрушылар криптовалюта, шетел компаниясының акциясы, бижутерия, туристік жолдама және басқа да түрлі тауар немесе қызметпен сауда жасайтынын және азаматтарды табысы жоғары жобасына ақша салуды шақыра отырып заңды қызмет ететінін айтумен болады. Алайда интернеттен жылдам әрі жеңіл ақша табу жолын іздейтін сенгіш инвесторлар осындайда ірі қаржысынан айырылады. 

Заманауи қаржы пирамидасы – бұл қызметтің түрлі саласының атын жамыла білетін, әсіресе интернеттегі алаяқтық және қаржы алаяқтары. Әдетте салымшыларға келесі қатысушының салымынан пайда келетіні уәде етіледі. Алайда тәжірибеде қаржы пирамидасын құрушылардың мақсаты салымшының қаражатын көбейту емес, жаңа қатысушылардың келуі азайған кезде барлық салынған қаржымен қашып кету.

Қаржы пирамидалары ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді жобаларға инвестиция салуды; жылжымайтын мүлік, автомобиль және басқа да мүлік сатып алуға ақша жинауға көмектесуді; сатып алуларға, қызметтерге, ойын-сауыққа және басқаға арналған қосымша бонустар ұсына отырып эксклюзивті клубқа мүшелікті; бинарлық опциондар үшін платформада қосымша табыс табуды; тұрғын-жай жағдайыңызды жақсарту үшін тұтынушылық кооперативке кіруді және т.б. ұсынуы мүмкін. 

«Ашық пирамида» деп аталатындар бар – олар инвестициялаумен немесе бизнеспен айналыспайтынын жасырмайды. Оның негізін қалаушылар басында барлық қатысушыға ақшаның жетпейтінін және тартылған барлық түсім жаңа клиент тарту есебінен болатынын ескертеді.

Қаржы пирамидасы «ерекше/айырықша», «ғажайып», «пайдалы» тауарды немесе «арнайы», «шектеулі» қызметті ұсына отырып, желілік маркетингінің атын жамылуы мүмкін. Бұл косметика, сағат, акцияға ақша салуды оқытудан бастап түрлі қызметтер, клуб мүшелігіне дейін түрлі курстар, круизге, саяхатқа шығуға ұсыныстар және ойын-сауықтар болуы мүмкін.

Қаржы пирамидасы өзін консалтинг компания ретінде көрсетуі мүмкін. Алаяқтар азаматтарға қаржы нарығында ақша табуды ұсынады, кейде ақысыз кеңес береді, ал олардың қызығушылығы клиенттің серіктес брокерде шот ашуында болып келеді. Алаяқтар инвесторларды «серіктестерге» ақша жіберуге шақырады. Кейбір жағдайда алаяқтар клиент оларға пайданың пайызын адал беріп отырады деген есеппен ұсыныс жасайды, бірақ болжам дұрыс болмаған жағдайда жалған консультант оған жауап бермейді. Консультациялық қызмет басқа міндеттемелерге ауыртпалық түсірмеуі керек. Егер консультант ақпаратты сатудың орнына басқа қызметті немесе шарты жүктесе, онда бұл жалған консультант. 

Егер жалған консалтинг жеткілікті дамыған аудиторияға арналған тұзақ дейтін болсақ, қаржы сауатты төмен адамдар үшін алаяқтар ақша табудың әртүрлі платформасын ойлап тапты. Бұл жалған желілік ресурстар, онда қаржы нарығында автоматты түрде ақша табудың белгілі бір бағдарламасы жасалған және оны ойлап тапқандар оны әрі қарай азаматтарға ұсынуға дайын. Мұндай платформалар ақшаны ұры брокерге беруге сендіру міндетін орындайды. 

Қаржы пирамидасы әр түрлі болады, бірақ олардың барлығын бір нәрсе біріктіреді – алаяқтар адамдардың тез байып кетуіне сенуіне және осындай ниетіне манипуляция жасайды. Қаржы пирамидасынан қалай сақтануға болады? Ол үшін олардың негізгі белгілерін білу қажет.

Алдау маркері

Бірінші кезекте сіз өз ақшаңызды сеніп тапсырғыңыз келетін ұйымның ақша қаражатын тарту қызметін жүзеге асыруға лицензиясы болмаған жағдайда сақтануыңыз керек. Мұндай лицензияны Қазақстанда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі береді. Бұл ақпарат жария және оны жеңіл түрде тексеруге болады – ол қаржы реттеушісінің сайтына орналастырылады. 

Депозит түрінде не инвестицияны қаржы құралдарына жүзеге асыру үшін ақша тарту қызметі лицензияланатын түрге жатады, оларды екінші деңгейлі банктер, Ұлттық пошта операторы және бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары (брокер-дилер және басқарушы компаниялар) ғана жүзеге асыра алады.

Мол табысты уәде ететін жалған ұйым – бұл азаматтар назар аударатын басты белгінің бірі. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сіздің инвестициялардың кірістілігіне ешкім кепілдік беруге құқылы емес. Егер кепілдік берсе - олар алаяқтар!

Басқа салымшылар бұрын салған ақша қаражаты есебінен жаңа қатысушыларға ақша төлеу; меншікті негізгі құралдардың, басқа қымбат активтердің болмауы; ұйым қызметінің нақты анықтамасының болмауы қаржы пирамидасы белгісінің бірі.

Ақшаны қайтару бойынша нақты ережеленің болмауы да қауіпті. Сіз өзіңіз салған қаражатыңызды басқару және қажет болған жағдайда ақшаны алу мүмкіндігіңіз болуы тиіс.

Егер өз ақшаңызды сеніп тапсырғыңыз келетін ұйымда аталған белгінің бірнешеуі болса, олар сізді қаржы пирамидасына тартуға тырысып жатқаны тұрғысынан мұқият ойлану қажет.

Қаржы пирамидасы өзінің жарнамасын көбіне ұрандармен әр түрлі онлайн топтар құра отырып, сайттар, әлеуметтік желі және танымал мессенджер арқылы жиі жүзеге асырады. Сондықтан қаржы пирамидасы қатысушыларының әлеуметтік желідегі және мессенджердегі оң пікіріне сенбеңіз, бұл клиенттің «қармаққа ілуге» бағытталған жалған ұран болуы ықтимал. Осындай пирамиданың ұйымдастырушыларын, әдетте анықтау қиын, олар ұзақ уақыт бойы жасырын болып қалады. Бұл ақша ағындарын бақылауды едәуір қиындатады және ақшаны қайтару мүмкін болмайды.

Есте ұстаңыздар: реттелмейтін ұйымдарға ақша салған болсаңыз одан толығымен айырылу қатері жоғары.