Батыраштың қолына балта түссе, "тисе терекке, тимесе бұтаққа" сілтейтіні не осы?!
Бір жаңалыққа көзім түсіп, қуанып қалдым. Қазақ эстрадасын өз дәуірінде жарқыратып, кәсіби сахнада да, қазақтың тойында да төрден ойып тұрып орын алған Дос-Мұқасан енді көркем фильмде жарқ ете қалмақ.
Киелі сахна - әншіні де, күйшіні де, бишіні де биікке көтеріп, ел-жұрттың ардақтысына айналдыратын орын. Қалықтаған өнер қырандарына қарап көпшілік көкке ұмтылады, үлгі алады. Өнердегі жарқыраған жұлдыздарына қарап тұтас елдің мәдениетін, менталитетін, бар болмысын көруге болатындықтан, «өнеріне қарай өрнегі» деген аталы сөз қалған.
Ал қазақтың киелі сахнасында тамылжыта ән салып, талайды тамсандырған қазақ эстрадасының шоқтығы биік тобы – әйгілі Дос-Мұқасан. Топ мүшелерінің әрқайсысы - тума талант иелері. Олардың өздерін ұстауынан, тіпті әндерінен де қазақылықтың, қарапайымдылықтың иісі сезіліп тұрды. 1997 жылы 30 жылдығын атап өткен топ 60-70 жылдардан бастап бертінге дейін мақтанышымызға, қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігіне, феноменіне айналды. Дәл осындай ұзақ өмір сүрген өнер топтары да жоқ.
Кейде, бүгінгі күннің не сөзінде мағынасы, не әуезді әуені жоқ әнсымақтарды тоқтай қалып тыңдамақ тұрмақ, жақтырмай жиырыла қалатынымыз рас. Ал кезінде Дос-Мұқасан тобы Әсеттей ән салғанда құлақтың құрышын қандырып, еріксіз баурап алатын. Ансамбльдің мүшелері Ұлықпан, Досым ағалар «Той үстінде тәтті күндер, тәтті күндер..» деп сөзі мен әнін жазған «Той жыры» әні – қаншама қазақ отау көтерген, берекенің бастауы болған тойдың әнұранына айналды десек, артық айтқандық емес. Күні бүгінге дейін солай. Дос-Мұқасан дегенде «Куә бол», «Дударай», «16 қыз», «Алатау», «Алматы түнi» және тағы басқа әндері, сол кезеңнің тәтті күндері көз алдымызға келеді.
2022 жылы Дос-Мұқасан 55 жылдығын атап өтеді екен. Осыған орай елімізде ғана емес, ТМД көлемінде, тіпті атағы мұхит асып танымал болған топ туралы фильм түсірілгенін естіп жатырмыз. Естіп қана қойған жоқпыз, қуанып қалдық. Өнерді насихаттағанда осындай дараларын насихаттау керек. Сапалы дүние жасап шығару үшін мұндай жұмыстар мемлекеттік деңгейде қолдау тапқаны дұрыс деп санаймын. Оны ертең біз ғана көрмейміз, әлемнің әр қиырындағы топ жанкүйерлері көреді. Сонда аңыз тұлғалармен лайықты түрде мақтана алсақ, сол арқылы ұлттық өнерді, болмысымызды танытатын болсақ ұтылмаймыз, ұтамыз. Осындай өнеге боларлық алдыңғы аға буынды артынан ерген ізбасарларына көрсетіп, шығармашылығымен таныстыру да міндетіміз.
Жастар танып білсе, өздері-ақ үлгі тұтатын болады. Оған Дос-Мұқасанға еліктеп пайда болған Нұр-Мұқасан, Муз-Арт, Жігіттер тағы да басқалары мысал бола алады. Ағаларын кумир санаған солардың қай-қайсысы да қазір көпшіліктің шынайы ыстық ықыласына бөленіп келеді. Сондықтан Дос-Мұқасан туралы фильм жарық көргенде, соған қарап бой түзейтін жас өнерпаздардың қатары артары сөзсіз.
P/S: «Қазақ десең, өзіңе тиеді» деген біз ұната бермейтін сөз бар. Бұл сірә тектілікті бойына, батырлықты қанына сіңірген иісі қазақтың барлығына емес, керісінше Құлагерді, жүйрікті, талантты, батырды аяқтан шалатын Батыраштарға айтылған болса керек.
Жақында Жанболат Мамайдың осы Дос-Мұқасан фильмі төңірегінде айтқан бос бықсық сөздерін естіп, бүгінгі күннің Батырашы деп таныдым. «Атың шықпаса жер өртенің» айқын көрінісі осы болар. Ендеше, еліңді, өнеріңді, мәдениетіңді, әдебиетіңді алға сүйрейтін кіл жүйріктеріңмен қатар, мінезіне қазақтың дархан даласындай кеңдікті емес, көреалмаушылық пен қызғанышты ғана сыйдырған, аяқтан шалып, артқа сүйрейтін ортаңдағы Батырашыңды да біле жүр, ағайын!
Айдос Жұқанұлы