Коронавирусты ауыздықтаудың бірден бір жолы – вакцина. Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қазір жалғыз қазақ елінде ғана емес, әлемде бір алаң жағдай қалыптасып отыр. Бір-екі жылдың аясында әлем бойынша тарай бастаған короновирус індеті дүниенің дамуына елеулі өзгерістер әкеліп жатыр. Індеттің беті қайтты деп айта қоюдың өзі әлі де ертерек. Күн сайын беріліп жарияланып жатқан статистикалық мәліметтер бойынша әлем бойынша індеттің таралуы бәсеңси қойған жоқ. Жер бетінде осы індеттен адам шығыны да азайған емес. Адам баласына келген осы індеттің алдын алу, таралып кетуін неғұрлым азайту мақсатында біздің елімізде барлық шаралар қолданылып жатқанынын да ешкім жоққа шығара алмайды.
«Мемлекет басшысының пәрменімен былтыр төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілгені, халыққа материалдық қолдау жасалуы, бизнестің дамуына барынша жағдайласу, еліміздің әр жерінде осы заманғы инфекциялық ауруханалардың жедел салынуы сияқты істер атқарылды. Жаңа инфекциялық аурухана біздің Көкшетау қаласында да өте қысқа мерзімде салынып, іске қосылды. Қарағандыда вакцина шығаратын зауыттың іске қосылуы да игі істің бірі еді. Және де Қазақстанның өз вакцинасын шығаруды қолға алуы да еліміздің бұл індетті жоюға барынша жауапты қарап отырғандығы деп білеміз», - деді Жабал Ерғалиев.
Сонымен қатар, ол халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алудан қорықпауға шақырды.
«Қазір халықты жаппай вакцинациялау жүріп жатыр. Осы вакцинация жайлы де небір дақпырт таралып жатады. Қорықпаңыз! Адам баласын ертеректе шешек, безгек, тағы да өзге індеттерден аман алып қалған осы вакцина болатын. Өз басым бірінші кезектегі вакцина алдым. Екіншісін тағы да аламын. Қауіпті ешнәрсе байқаған жоқпын! Сондықтан екпеден қорықпаңыздар дер едім», - деді ол.