«Жаһандану» ұғымы ағылшын тіліндегі «global» ұғымынан алынған, оны «әлемдік», «дүниежүзілік» деп аударуға да болады. Ал мағыналық тұрғыдан алғанда, бүкіл әлемді қамтыған, яғни құрлық шеңбері шектелмеген, әлемдік деңгейде жүріп жатқан қандай да бір іс-әрекетті білдіреді. Жаһандану – біртұтас адамзаттық мәдениет қалыптастыру үдерісіне ілесу дегенді де білдіреді. Осы жаһандану заманында ұлттық сананы қалай қалыптастыруға және дамытуға болады?
Елбасы Н.Ә.Назарбаев жаһандану жайлы былай дейді: «Жаһанданудың екі түрі бар. Бірі – неолиберализм. Бұл бағытта шикізат пен жоғарғы технологиялық өнімдердің бағасының теңдігі сақталмауы арқылы, мемлекеттердің бай және кедей болып екіге жарылуы жүзеге асады. Бұндай жаһандану адамзаттың үстем бөлігінің кедейшілік пен қараңғылықтан шығуына жол бермейді. Жаһанданудың екінші түрі – мемлекеттер, халықтар, діндер арасындағы ашық пікір алмасу мен тең қатынас арқылы әркімнің өз даму жолын таңдауына, әлемдік нарық жағдайында өз үлесін әділ алып отыруына, қай елде тұратынына қарамастан адамдардың теңдігі сақталуына қол жеткізеді».
Қазір барлық мемлекеттер жаһандану жағдайына бейімделіп күн кешуде. Бұл дегеніміз батыстық өркениетті меңгеру жолында ұлттың төл тарихы мен мәдениетін жоғалту қаупі бар деген сөз. Батыстың білімі, ғылымы, технологиясы біздерге қажет-ақ, бірақ шамадан тыс еліктеу дәстүрлі тәрбиелік, адамгершілік құндылықтардан айырады. Сондықтан жаһандануды әрбір ұлт немесе мемлекет өз болмысына қарай бейімдеп сіңіре алса қауіпсіз болары анық. Біз осы уақытқа дейін ұлттық мәдениет пен тіл, дін мен діл және басқа да мәселелер түбегейлі шешілді деп айта алмаймыз.
Әрбір халықтың өткен тарихы өз өрнегімен сипатталып, халықтың тағдырына ықпал етеді. Сондықтан әрбір ұлттың өмірінде, мәдениеті мен рухани-психологиялық келбетінде өткен өмірдің іздері анық көрініп, ұлттық қадір-қасиет пен әдет-ғұрыптар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, біздің заманымызға дейін жетіп отыр.
Ал жаһандану үдерісінде қазақ қоғамында, әсіресе келесі ұрпаққа салт-дәстүрді насихаттап, ата салтын жалғастыру үшін ұлттық тәрбиеге көбірек көңіл бөлуіміз керек. Елбасының 2018 жылғы қазан айындағы халыққа жолдаған Жолдауында «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясатының басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын» деп жастар мәселесіне көбірек көңіл бөлу керектігіне басты назар аударып отыр.
Қазақ халқы балаға тәрбие беру ісін қашанда үлкен даналықтың, көрінісі деп санаған. Сондықтан ұлттық тәрбиенің ең маңыздысы – әрбір жеке тұлғаның белгілі бір ұлттың мүшесі екенін сезінуге, ойлануға, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу. Себебі, талай халықтың дамыған ұлттың жетегінде кетіп, сол ұлтқа сіңіп, жоқ болып кететіні тарихтан аян. Сондықтан да ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін, қоғамда болып жатқан жаңалықтарды ақиқат ретінде қабылдап, озық бөлігін ұлт мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналдыра білуіміз керек. Өйткені мұндай жаңалықтарды жастар тез бойына сіңіріп алады. Біздің менталитетімізге еніп жатқан жаңалықтарды ұлттық болмысымызға қарай бағыттап, заман талабына сай әрекет етпесек, тарихи дәстүрлерімізді де жаңғырта алмаймыз.
Жаһандану үдерісіндегі ұлттық тәрбиеде жастарды қазақ халқының өткен тарихын меңгерту және бүгінгі тарихи кезең аясында бастан кешіріп отырған қоғамдық-психологиялық жағдайдан шығу жолдарын қарастыру секілді екі бағытта тәрбиелеу керек деген пікірдеміз. Өйткені, халықтың мәдениеті мен әдебиеті, салт-дәстүрі, тілі мен ділі, сенімі мен діні дегенде тарихтың сүзгісінен өткен рухани құндылықтарға мән берілуі керек. Мұның өзі қоғамның тарихи, психологиялық даму бағытында екінші мәселенің де шешілуіне ықпал етеді. Сондықтан ағымдағы уақыттың талабы мен сұранысын қанағаттандырып отыру да ұлттық тәрбиенің негізгі қағидаларының біріне айналмақ.
Дегенмен, өзіндік «менін» сақтап қалуға ұмтылған халық, өз тарихы мен дәстүрін, ана тілі мен ділін, дінін, мәдениетін сақтап қалу жолында күреседі. Олай болса осы айтқандарымыздың бәрі ұлттық тәрбиеге қатысты жүзеге асырылуы тиіс әрекеттер.
Бүгінгі қазақ ұлты – «Рухани жаңғыру» аясында «Мәңгілік ел» ұлттық идеясымен қаруланған тәуелсіз ел. Қоғамдағы жастардың таным-түсінігі мүлде басқаша. Олар өздері қалаған ісімен айналысып, еркін әрекет ете алады. Тіпті ұлттың құрамы ала-құла, яғни отбасының құрамы ала-құла болған соң, тілі де біркелкі емес. Кез келген мемлекеттің дамып, гүлденуіне көзі ашық, көкірегі ояу білімді ұрпақ болуы шарт. Білімді ұрпақ дегеніміз – инновациялық терең білім алған, технологиялар әлемінде қабілетті, тарихы мен мәдениетін ұғынған, тілі мен дінін сақтаған рухани таза ұлттың ұрпағы.
Рухы мен мәдениеті биік, білімі терең ұлт жаһандану деген алып мұхитта өз келбетін жоғалтпайды. Ондай ұлттың да, мемлекеттің де болашағы жарқын болатыны сөзсіз.
Шығыстың ұлы ойшыл ғалымы Әл-Фараби: «Маған жас жеткіншектеріңізді көрсетсеңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін», – деген екен. Олай болса ұрпақ тағдырын ұлт тағдыры деп қарап, еліміздің дамуына өз үлесін қосатын азаматтарды тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Ж.Н.Кожахметова,
ҚР ҚДМ ҚКК Дін мәселелері
жөніндегі ғылыми-зерттеу
және талдау орталығының
Ғылыми хатшысы