09 сәу, 2021 сағат 13:30

Зейнетақы салымшыларының кірісі артты



Мамандар абсолютті рекорд деп бағалағандай, былтырғы жылы пандемия мен дағдарыс кезеңінде зейнетақы салымшыларының инвестициялық кіріс 1,3 трлн теңгені құраған. Ал өткен айдың көрсеткіші бойынша бір жыл ішінде БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтерінің көлемі 14%-ға өсіп, 12,6 трлн теңгені құрады. Осылайша, зейнетақы жинақтарының 35%-ы инвестициялық табыс есебінен қалыптасып, бірыңғай жинақ зейнетақы қоры салымшыларының инвестициялық кірісі 55%-ға артқанын көрсетіп отыр, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

 

Статистикаға сүйенсек, жалпы алғанда, Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру арқылы зейнетақы жинақтарының кірістілігін арттыру үшін БЖЗҚ-ның инвестициялық портфелін үнемі әртараптандырып отырады.

 

«Мәселен, 2020 жылдың 1 наурызында мемлекеттік бағалы қағаздардың үлесі 41,5% -ды құраса, биыл олардың үлесі 44,3% -дан асты. Сыртқы басқарудағы активтердің үлесі де едәуір өсіп, 2020 жылы 3%-дан 2021 жылы 7,8%-ға жетті. Сондай-ақ шетелдік банктердегі салымдар көлемі 1,9%-дан 3,5%-ға артты. 2021 жылдың қаңтарынан бастап азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін, оның ішінде басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беруді көздейтін заңнамалық нормалар енгізілді», - деді БЖЗҚ баспасөз қызметінің маманы.

 

Осы орайда, айта кетейік, зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жүзеге асырады.

 

БЖЗҚ баспасөз қызметінің маманының айтуынша, қаржы құралдарының үлесі төмендеп жатыр. Атап айтқанда, шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары (12,9% -дан 8,6% -ға дейін); Қазақстан Республикасы ұйымдарының бағалы қағаздары (27,9% -дан 25,5% -ға дейін); - Қазақстанның екінші деңгейлі банктеріндегі депозиттері (2,3% -дан 2% -ға дейін). Экономистердің есебінше, бұл көрсеткіш әлі де ажлғаса береді. Мәселен, БЖЗҚ-ға барлық зейнетақы активтері қосылғаннан бері Ұлттық банк кепілдік берген инвестициялық кіріс шамамен 4,9 трлн теңгені құраған. 2021 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық кірістің үлесі 35,1% құрап отыр.

 

«Зейнетақы қоры салымшыларының кірісінің артуы экономикамыздың көтерілуін көрсетеді. 2021 жылдың екінші тоқсаны басталысымен, міне, статистика есебі шығып, сандар сөйлеп жатыр. Мәселен,  биылғы жылдың екі айында ғана инвестициялық кіріс 222,9 млрд теңгеге жетті. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54,6%-ға жоғары», - дейді экономист Әлібек Әлиайдарұлы.

 

Экономистердің есебінше, жылдық кірістілік 11,4%, инфляция 7,4%-ға тең. Осылайша, соңғы бір жылда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің нақты кірісі 4%-ды құрады. Биыл зейнетақы жинақтарының көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары. 

 

Ал 2020 жылы пандемия мен дағдарыс кезеңінде инвестициялық кіріс 1,3 трлн теңгені құрады. Мамандар мұны абсолютті рекорд деп бағалауда.  Жалпы алғанда инвестициялық кіріске бағалы қағаздар (депозиттер және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі табыс, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау түріндегі және валютаны қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және өзгеде құралдар арқылы түскен қаржы жатады. 

 

Естеріңізге сала кетейік,  өткен айдың көрсеткіші бойынша бір жыл ішінде БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтерінің көлемі 14%-ға өсіп, 12,6 трлн теңгені құрады. Осылайша, зейнетақы жинақтарының 35%-ы инвестициялық табыс есебінен қалыптасып, бірыңғай жинақ зейнетақы қоры салымшыларының инвестициялық кірісі 55%-ға артқанын көрсетіп отыр. Статистикаға сүйенсек, жалпы алғанда, Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру арқылы зейнетақы жинақтарының кірістілігін арттыру үшін БЖЗҚ-ның инвестициялық портфелін үнемі әртараптандырып отырады.