12 ақп, 2021 сағат 23:20

Зейнетақы платформасы: Тағы бір жаңа функция қосылды

Зейнетақы жинағын пайдалану бойынша онлайн-платформаға тағы бір функция қосылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Отбасы банкінің желідегі парақшасына сілтеме жасап.

«Соманы өзгерту керек пе? - Оңай! Қазір enpf-otbasy.kz онлайн-платформасындағы жеке кабинетіңізде мәлімделген зейнетақы төлемінің мөлшерін азайта аласыз. Мұны тек ипотекасыз сатып алу мақсатын таңдаған кезінде жасай аласыз және тек өз қаражатыңыз үшін, ал жақын туыстарыңыз табыстаған қаражат сомасын өзгертуге болмайды», - делінген хабарламада. 

Банк жаңа функцияның қалай жұмыс істейін былай түсіндіреді. Мысалы Сіздер БЖЗҚ-дан белгілі бір сомаға тапсырыс беріп, кейін арзанырақ пәтер таптыңыз.

Егер сатып алу-сату шартына сәйкес сатушыға БЗТ есебінен төленетін сома сіздің арнайы шотыңыздағы қаражаттан аз болса, онда құжаттарды (сатып алу-сату шарты және тіркелген құқықтар мен ауыртпалықтар туралы анықтама) жүктеу кезінде сіз «шарт бойынша сома» жолына сатып алу-сату шартындағы нақты сомасын жазып, соманы өзгерте аласыз. 

Мысалы, сіздің арнайы шотыңызда 7 миллион және туысыңыз табыстаған 5 миллион қаражат бар.

Пәтер 10 миллион тұрады. 4 млн сіз сатушыға қолма-қол ақшамен төледіңіз, ал 6 млн БЗТ есебінен төлеуді жоспарлап отырсыз және бұл шартта жазылған.

Шарт бойынша сома бөліміне 6 000 000 санын енгізу және «соманы өзгерту» батырмасын басу қажет. 

Сіздің арнайы шотыңызда 1 млн өз қаражатыңыз және 5 млн туысыңыз табыстаған қаражат қалады. 

Мыналарды ескеру қажет:

Шарттың бүкіл сомасын емес, сатушыға аударылатын соманы көрсетіңіз. 

Сіздің арнайы шотыңыздағы қаражаттан жоғары соманы көрсету мүмкін емес

Туыстар табыстаған қаражат сомасын өзгертуге болмайды

Жаңа мүмкіндік сіздерге баспананы ипотекасыз толық сатып алу кезінде нақты соманы енгізуге мүмкіндік береді және егер өзіңіздің біржолғы зейнетақы төлемдеріңізді екінші рет пайдалануды жоспарлаған болсаңыз, БЖЗҚ-ға қаражатты қайтару үшін 45 күнді күтпеуге көмектеседі. 

Айта кетсек, онлайн платформа үнемі жаңартылып отырады. Бұған дейін аталған платформада пәтер сатып алу немесе займды өтеуге арналған құжаттарды жүктегенге дейін бір реттік зейнетақы төлемін алған соң оған туысыңыз берген қаражатты қосу мүмкіндігі берілген еді.

2021 жылы 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты заңға қол қойды.