10 қаз, 2022 сағат 09:44

Земфира: Менің елім соғысты тоқтатса екен деп Құдайдан күнде тілеймін


Ресейлік әнші Земфира Кипрдің Лимасол қаласында өткен концертінде Украинадағы соғысқа қарсы сөйлеген. Залдағы тыңдаушылардың бірі жазып алған видео жексенбінің кешінде "ЧТД" телеграм-арнасында пайда болған.

"Бүгін соғыстың басталғанына 228 күн болды, 228 күн тозақ, - дейді Земфира. – Осы уақытта көп ойландым. Сахнада сөйлегенді ұнатпаймын, сөйлей де алмаймын, бірақ менің елім осы соғысты тоқтатса екен деп күнде Құдайдан тілеймін". Осы сөзінен соң әнші "Атпаңдар" деген әнін салған.

Земфира Лимасолдан кейін Тель-Авив, Стамбул, Вена, Прага, Оффенбах-ам-Майн, Гамбург, Берлин, Париж және Гаага қалаларында концерт өткізеді. Турне 3 қарашада Лондонның Royal Albert Hall концерт залында аяқталады.

Биыл ақпанда Ресей Украинаға басып кірген соң Ресейдің көптеген белгілі музыкантттары соғысқа қарсылығын білдірген. Осыған байланысты олардың Ресейдегі концерттеріне тыйым салынған. Музыканттардың кейбірі Ресейден кетіп қалса, кейбірі қысымға ұшыраған. Ресей билігі рэпер Оксимиронды "шетел агенті" десе, әнші Юрий Шевчукке Ресей әскеріне тіл тигізгені үшін 50 мың рубль айыппұл салған.

Маусым айынан бастап Ресейдің концерт агенттіктері "сахнада соғысқа қарсы сөз айтпау" туралы әншілермен келісім жасаса бастаған. Әртістерге Украинаның мемлекеттік символдарын пайдалануға тыйым салған.