Қазақстандық Зарина Дияс US Open турнирінің алғашқы айналымында әлемнің 2-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен күш сынасты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қарсыластар бұдан бұрын, 2013 жылы Куала-Лумпурда өзара кездесіп, онда Э.Барти жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы дүниежүзілік рейтингте 80-орында тұрған Зарина бірінші партияда тамаша өнер көрсетті.
Қос бірдей брейк жасаған қазақстандық теннисші 5:0 есебімен алға шықты. Содан кейін ғана Э.Барти өз геймін алды. Дегенмен З.Дияс босаңсыған жоқ – 6:1.
Екінші сет әлдеқайда тартысты өрбіді. Есеп 4:3 болған мезетте Э.Барти брейк жасап кетті. Сосын өзі доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:3.
Үшінші, шешуші партияда Э.Барти брейкпен алға шықты – 2:1. Тағы бір брейк – 5:2. Ақыры ол жеңісті уысынан шығарған жоқ – 6:2.
Бәсеке 1 сағат 42 минутқа созылды.
Э.Барти екінші айналымда әлемнің 73-ракеткасы, америкалық Лорен Дэвис немесе рейтингте 171-сатыда тұрған швециялық Юханна Ларссонның біреуімен кортқа шығады.
Жарыстың алғашқы күні тағы бір қазақстандық, рейтингте 69-сатыдағы Елена Рыбакина әлемнің 44-ракеткасы, чехиялық Каролина Муховамен күш сынасады.
АҚШ-тың ашық чемпионатында жекелей сында сондай-ақ Юлия Путинцева, ерлерден Михаил Кукушкин мен Александр Бублик кортқа шығады.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Ю.Путинцева бастапқы матчын рейтингте 78-орындағы америкалық Мэдисон Брэнглмен өткізеді. Рейтингте 47-сатыдағы М.Кукушкин әлемнің 10-ракеткасы, испаниялық Роберто Баутиста-Агутпен шеберлік байқасады. Ал әлемнің 75-ракеткасы А.Бубликтің екінші айналымға шығатындай мүмкіндігі бар. Ол негізгі турнирге іріктеу сайыстарынан кейін қосылған рейтингте 232-орындағы колумбиялық Сантьяго Хиральдоның шамасын байқап көреді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың US Open турнирінде әлемнің 2-ракеткасымен кездесетінін, Елена Рыбакинаның негізгі жарысқа жолдама алғанын жазған болатынбыз.