Қазақстандық Зарина Дияс Цинциннати (АҚШ) WTA турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 80-орында тұрған З.Дияс бастапқы кездесуін «Үлкен дулыға» турнирлерінің 23 мәрте жеңімпазы, атақты америкалық Серена Уильямспен өткізуі тиіс болатын.
Алайда С.Уильямс жеме-жемге келгенде, жарақатына байланысты жарысқа қатысудан бас тартты.
Ұйымдастырушыларға аяқ астынан америкалық, әлемнің 56-ракеткасы Джессика Пугеланы шақыруына тура келді.
Орталық кортта өткен матчтың бірінші партиясын қарқынды бастаған Зарина 5:0 есебімен алға шықты.
Осыдан кейін сетті қиналмай бітіруге болатын еді. Әйтсе де Зарина бірнеше сетболды пайдалана алмады. Америкалық теннисші таразы басын теңестіріп үлгерді. Дегенмен З.Дияс қайратына қайта мініп, қатарынан қос геймді ала білді - 7:5.
Екінші партияда да Зарина есесін жібермеді - 6:4.
Бәсеке екі сағатқа жуық уақытқа созылды.
Бұл - теннисшілердің өзара үшінші кездесуі. Биыл Индиан-Уэллс додасында америкалық спортшы 6:1, 6:1 есебімен жеңген болатын. Бірнеше күн бұрын осы Цинциннатиде іріктеу сайыстарының финалында үш сағатқа жуық уақытқа созылып, аса тартысты өткен кездесуде Зарина қарсыласын тізе бүктіріп, негізгі турнирге жолдама алған еді.
З.Дияс Цинциннати турнирінің екінші айналымында әлемнің 22-ракеткасы, АҚШ-тың жас жұлдыздарының бірі, 1998 жылы Мәскеуде дүниеге келген София Кенинмен шеберлік байқасады.