Сурет ашық дереккөзден алынды
15 желтоқсаннан бастап полицейлер республика аумағында заңсыз ағаш кесуді анықтау және жолын кесу шараларын бастады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Бақылауды күшейту мақсатында автожолдарда, сондай-ақ базарларда және басқа жерлерде 300-ден астам мобильді топ құрылған.
«Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында полицейлер табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтті. Елді мекендерде қылқан жапырақты ағаштардың сатылуын бақылау, оларды белгіленбеген жерде өткізуге тыйым салу, сондай-ақ тиісті құжаттарға тексеру жүргізіледі», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі апталық онлайн брифингіде.
Оның айтуынша, қылқан жапырақты ағашты сатуға рұқсат болмаса, сатушы жасыл желекті күтіп ұстау және қорғау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Осы бап бойынша: жеке тұлғаларға 15 АЕК мөлшерінде, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе ескертулер жасалады.
«Орман көшеттерін заңсыз кесу анықталғанда ҚР Қылмыстық кодексінде бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жаза көзделеді. Аталған алдын алу шарасы жаңа жылдық мерекелерге дейін жалғасады», - дейді Ш. Тұрлыбек.