24 қаң, 2019 сағат 16:28

«Яндекс Такси» жүргізушілері салық төлейтін болды

Алматы қаласы Медеу ауданының мемлекеттік кірістер басқармасы жолаушы тасымалдаумен айналысатын жүргізушілерді салық төлеуге міндеттеу жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ендігі кезекте барлық такси қызметтері жүргізушілердің табысы жөнінде салық органдарына хабар беріп отыратын болды. Мемлекеттік кірістер департаменті мен «Яндекс Такси» компаниясы осындай меморандумға қол қойды.

Бүгінде «Яндекс Такси» сервисі Қазақстанның 20 қаласында жұмыс істеп тұр. Салық органдарының мәлімдеуінше, былтыр бір айдың ішінде бұл компания 62 млн рет адам тасымалдаған. Бұл статистика күннен күнге өсіп келеді.

«Яндекс Такси» сервисі қызметінде жүріп, қосымша табыс тауып жүрген жеке жүргізушілер салық төлеуге міндеттеледі. Алайда олардың көпшілігі қазір салық төлеуден жалтарып жүр. Осыған байланысты басқарма мен такси қызметін атқаратын «Яндекс Такси Қазақстан» компаниясы өзара уағдаластыққа келді.

Меморандумға сәйкес, «Яндекс Такси Қазақстан» барлық сервис қолданушы жүргізушілерге салық төлеуді міндеттейтін болады. Сонымен қатар, осы сервис арқылы жұмыс жасайтын таксопарктер биыл 1 ақпаннан бастап салық органдарына жеке жүргізушілер жайлы мәлімет беріп отырмақ.

Салық кодексінің өзгеруі мен қосымшасына байланысты биылдан бастап бұл салық төлеуші категориядағылар екі тәсілмен төлем жүргізе алады. Оның біріншісі - жеке кәсіпкер ретінде тіркелу арқылы өз кірісінен 1 пайыз төлеп отыру. Екіншісі - салық органдарына тіркелмей, ай сайын барлық құқықтық шарттарды орындап, бірыңғай жиынтық төлемді төлеу.