16 нау, 2023 сағат 17:13

Wildberries кәсіпкерлерге салынған айыппұлға қатысты пікір білдірді

Фото: РБК

Wildberries қазақстандық кәсіпкерлерге салынған миллиондаған айыппұлға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

"Шынымен де қазақстандық кейбір кәсіпкерлерге салынатын төлемде техникалық қателік болды. Қайта есептеу туралы хабар 2023 жылдың 13 наурызында біздің сайтта алдын ала жарияланған болатын.

Қате есептеулер жойылады және 2023 жылдың 20 наурызында іске асыру туралы есептерінде көрсетіледі. Біз сатушыларға қолдау көрсету қызметін күшейтеміз, оларға кері байланыс орнатып, платформамызбен жұмыс істеу шарттары туралы сұрақтарына жауап береміз. Олардан қазіргі жағдай үшін кешірім сұраймыз", - дейді Wildberries өкілдері.

Бұл оқиғаға Сауда және интеграция министрлігі де түсініктеме берді.

2022 жылы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне Wildberries-ге қатысты жалпы сомасы шамамен 14 миллион теңгені құрайтын 450-ден астам шағым мен өтініш келіп түскен. Тиісінше 11 миллион теңге болатын 390-нан астам өтініш қанағаттандырылған.

"2022 жылғы 7 желтоқсанда ТМД тұтынушыларының құқықтарын қорғау жөніндегі Консультативтік кеңестің кезекті отырысында тақырыптардың бірі электронды коммерцияның проблемалық мәселелеріне, соның ішінде Wildberries және OZON платформаларына арналды, онда проблемалық мәселелер комитет тарапынан айтылды", - деді комитет.

Ведомство тұтынушылардың проблемалық мәселелерін жедел шешу үшін Wildberries платформасының өкілдерімен келісім орнататын жұмыс тобы құрылғанын қосты.

"Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға келетін болсақ, ведомство Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, басқа да мемлекеттік органдармен және бірлестіктермен бірлесіп, заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр", - деп қорытындылады ведомство.