05 там, 2019 сағат 07:37

WBO Inter-Continental белдігін зор жетістік деп бағаламаймын - Жанқош Тұраров

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров Нұр-Сұлтанда өткізген жекпе-жегі және алдағы жоспарлары туралы бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz порталына сілтеме жасап.

Жанқош Тұраров шілде айында Нұр-Сұлтанда өткен бокс кешінде аргентиналық Мауро Годойды үшінші раундта нокаутқа жіберіп, WBO тұжырымы бойынша Inter-Continental чемпионы атанған болатын. Дегенмен, боксшы бұл титулды аса зор нәтиже деп есептемейтінін айтты.

«Қарсыласым мықты еді. Жекпе-жектің алдында оның рейтингі менен жоғары болды. Бірақ бірнеше рет соққы алғаннан кейін қашқақтай бастады... Бұны (WBO Inter-Continental титулын – Ред.) үлкен жетістік деп бағалауға болады деп ойламаймын. WBO тұжырымы бйынша толыққанды әлем чемпионы болған соң ғана мақтануға болатын шығар», - деді боксшы.

Сондай-ақ Жанқош алдағы жоспарлары туралы айтты.

«Қазір менеджерлеріммен жоспар құрып отырмыз. Келесі жекпе—жегімді күздің аяғына қарай өткізгім келеді», - деді ол.

Айта кетейік, шілде айының 6-сы күні елордадағы «Барыс-Арена» кешенінде кәсіпқой бокс кеші өтіп, оның басты айқасы Жаңқош Тұраров (23-0, 16 КО) пен аргентиналық Максимилиано Годой (31-4-1, 16 КО) арасында болған еді.

Олардың кездесуі 10 раундқа есептелген болатын. Бірақ үшінші раундта уақытынан бұрын аяқталды. Тұраров Годойды нокдаунға жіберген соң төреші онға дейін санады. Дегенмен, аргентиналық боксшы орнынан тұра алмады.

Бұл - 28 жастағы Жаңқош Тұраровтың 24-ші жеңісі болды. Ол қарсыластарын 17 рет нокаутпен жеңген. Бір де бір рет жығылып көрмеген.

Бокс кешін британдық MTK Global компаниясы мен америкалық Top Rank ұйымдастырды.