10 ақп, 2021 сағат 10:56

«Волонтер», «Меценат» қазақ ұғымында бұрыннан бар – кәсіпкер

Ақтөбелік кәсіпкер қайырымдылық іс жасаудың қазақ халқының қанында барын айта келе, бұқараны қайырымдылықпен айналысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің қор 15 жыл бойы әртүрлі салада қызмет жасап келеді. Оның негізін құрушы Исламбек Салжанов деген ақтөбелік азамат. Өзі ауылдық жерден шыққан. Өз ауылында 150 орындық заманауи балабақша, сондай-ақ мемлекетпен бірігіп музей салған. Одан да басқа қазіргі таңда 40-тан астам істі жүзеге асырып жатырмыз. Сонымен қатар білім саласының дамуына да өз үлесімізді қосып жатырмыз. Оның ішінде ауылдық балаларды ҰБТ-ға және шетелге оқуға түсуге тегін дайындап жатырмыз. Айтарым, кәсіпкерлер де қоғамның бір бөлшегі, қолымыздан келгенше көмектесеміз», - деді «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының атқарушы директоры Мақсұтбек Айтмағамбет. 

Оның айтуынша, қазақ тілі, тарих және төл мәдениетті қолдау мен дамытуға арналған шаралар өз жалғасын табады. 

«Бір қуантарлығы, Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған волонтер жылының одан әрі жалғасып жатқаны. Тағы бір айтып өтетін дүние, бізге енді жетіп жатқан «волонтер», «меценат» сөздері қазақ ұғымында бұрыннан бар. Біздің тарихымызда халық далада қалмаған, түрме деген түсінік болмаған. Біздің халық әрдайым қайырымды болған. Жетім-жесірін далаға тастамаған, бұл біздің қанымызда бар. Енді біз соны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайта заманауи түрде жаңғыртуымыз керек», - дейді ол. 

Айта кетсек, елордада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның қатысуымен «Қайырымдылық істер» марафоны республикалық акциясының салтанатты ашылу рәсімі өтіп жатыр.