Тараз қаласында жоғары лиганың әйелдер командалары арасында ҚР ХХІХ чемпионаты мәреге жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бес турдың қорытындысы бойынша БҚО-ның «Грация KZ» командасы 60 ұпаймен бірінші орынға ие болды.
Оралдықтардан бір ғана ұпай кем жинаған «Тараз» командасы күміс жүлдегер атанса, «Қостанай» клубы (55 ұпай) үздік үштікті түйіндеді.
«Грация KZ» командасын ұзақ уақыт бойы өткен жылы өмірден озған білікті бапкер Көлеңке Ғұбашев жаттықтырып келді. Оның қоластынан Ұлттық лиганың әйелдер командалары арасында биыл бесінші рет ел чемпионы атанған өскемендік «Алтайдың» капитаны Сана Анарқұлова, сонда ойнап жүрген Зарина Сейтқазинова сынды шебер волейболшылар тәрбиеленіп шықты. Қазіргі кезде клубқа оның зайыбы Нұрсұлу Ғұбашева бапкерлік етуде.
«Біз жоғары лигада 2008 жылдан бері өнер көрсетіп келеміз. Бұған дейін үш рет қола, екі дүркін күміс жүлдегер атанған едік. Биыл алғаш рет алтын жүлдеге қол жеткіздік. Сондай-ақ команда Қазақстан жазғы спартакиадасында 2015 жылы үшінші, 2019 жылы екінші орыннан көрінді. Енді Ұлттық лигада да ойнайтын кез келді деп ойлаймын», деді Нұрсұлу Ғұбашева.