29 нау, 2021 сағат 16:50

Волейбол: «Алтай» бесінші рет ел чемпионы атанды

Павлодар қаласында волейболдан Ұлттық лиганың әйелдер командалары арасында Қазақстан чемпионы белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Біріншілік соңында «Алтай» (Өскемен) және «Жетісу» (Талдықорған) командалары алтын жүлде үшін таласты.

Төрт турдың қорытындысы бойынша қос команда бірдей ұпай жинап, өзара ойындарда екі-екіден жеңіске жетті. Плей-офф бәсекесінде қай клуб екі жеңіске қол жеткізсе, сол чемпион болатын еді. Кеше өскемендіктер тартысты ойында талдықорғандықтарды тізе бүктірді – 3:2. 

Бүгінгі матч та аса қызу болды. Бірінші партия талдықорғандықтардың еншісінде кетті. Екіншісінде өскемендіктер есе қайырды. Үшінші партияда да олар едәуір алда тұрған, бірақ сет соңына таман қарсыластарының қуып жетуіне мүмкіндік беріп қойды. Дегенмен 32:30 есебімен бұл партияда «Алтай» басым түсті. Соңғы сет соңында «Жетісудің» алда тұрғанына қарамастан, аса сәтті ойнаған сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері жеңісті жұлып алды – 25:22. Есеп – 3:1. Ең шешуші сәттерде команда капитаны, Орал волейболының түлегі Сана Анарқұлова ойын тізгінін қолына ала білді.

Осылайша «Алтай» бесінші рет ел чемпионы атанды. 

«Алматыдан» айласын асырған солтүстікқазақстандық «Қуаныш» командасы қола жүлдегер атанды.