ДДСҰ сарапшыларының Уханьдағы вирусология институтына барған сәті. 3 ақпан 2021 жыл.
Сейсенбі күні Американың ресми тұлғалары халықаралық комиссия коронавирустың пайда болуын зерттеген кезде Қытай қажетті дәрежеде ашықтық танытпады деп мәлімдеді.
"Нәтижесі қандай болмасын, бәрібір оқиғаның түп-тамырына жетуге тиіспіз. Бізге Қытайдың толық ашық болғаны керек. Бұл тұрғыда ДДСҰ-ның көмегіне зәруміз, қазір ондай көмекті сезініп отырған жоқпыз" деді Ақ үй кеңесшісі Энди Славитт.
Ресми мәлімет бойынша, коронавирус адамға жабайы жануар етінен жұққан. Ал жануар вирусты жарқанаттан жұқтырған.
Вирус Уханьдағы вирусология институтында зерттеліп, абайсызда тарап кетті деген алғашқы болжамды сарапшылардың басым бөлігі жоққа шығарған. Биыл жыл басында Уханьға барған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары да вирус жануардан адамға жұғуы мүмкін деген болжамның шындыққа көбірек жанасатынын айтқан.
Дегенмен былтыр күзде АҚШ мемлекеттік департаменті коронавирустың шығу тегін өз бетінше зерттей бастаған. CNN арнасының хабарлауынша, АҚШ мемлекеттік департаменті вирусология институты мен Қытай армиясы арасындағы байланысқа ерекше назар аударған. Бірақ зерттеудің алдын ала қорытындысына күмән келтірген Джо Байден әкімшілігі оны жапқан.
Жексенбі күні Wall Street Journal басылымы америка барлау қызметінің ақпаратын жариялады. Онда 2019 жылы қараша айында коронавирус белгілері бойынша ауруханаға түскен Уханьдағы институт қызметкерлері жайлы сөз болады. Ал Пекин вирус ең алғаш рет 2019 жылы желтоқсанның соңында белгілі болды деп мәлімдеген.
Ақ үйдің медицина мәселелері бойынша кеңесшісі Энтони Фаучи вирус жануардан адамға жұққан болуы мүмкін деген болжамның жаны бар, бірақ зерттеу жүргізілуі тиіс деп мәлімдеді.