Вакцина салдыру коронавирустан қорғануға 100 пайыз кепіл бола алмайды. Бұл туралы ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының дәрігер-эпидемиологы Лена Қасабекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация бүкіл әлемде, оның ішінде біздің республикамызда өте өзекті проблема болып тұр. Біздің міндетіміз - қазіргідей қате әрі теріс ақпараттар ушығып тұрған сәтте «екпе алу керек пе, керек емес пе» деген мәселеде халықтың дұрыс шешім қабылдауына көмек көрсету», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Оның атап өтуінше, бүгінде халықтың басым бөлігінің тым болмағанда вакцинаның бірінші компонентін алуы маңызды.
«Бүкіл әлемде вакцина тапшылығы байқалатындығын барлығы біледі. Бірақ, осыған қарамастан еліміздің тұрғындарына вакцинаның үш түрі қолжетімді болып тұр. Біз үшін халықтың барынша вакцина алғаны маңызды. Ал жақсы иммунитет қалыптасуы үшін вакцинаның екінші компонентін алу маңызды. Вакцинация коронавирус инфекциясынан қорғауға кепіл бола алмайды. Вакцина алып, ендігі уақытта «толықтай қорғалдым» деп жүрген адамдарға мұның дұрыс емес екендігін айтқым келеді. Адам екпе алса да бұл вакцинадан 100 пайыз қорғалмайды. Вакцинация коронавирустың ауыр түрінен, өлім-жітімнен қорғайды. Тіпті екпе алған адамның өзі де ауырып қалып, одан ары сол вирусты таратушы болуы мүмкін», - деді Лена Қасабекова.