26 мам, 2021 сағат 19:21

Вакцина алған азаматтар ПТР анықтамасыз Қазақстанға кіре ала ма?


Шекарадан өтетін Қазақстан және шетел азаматтарына арналған карантин талаптары түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР мемлекеттік бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, Қазақстанға сырттан келген шекарадан өткен әрбір азамат міндетті түрде ПТР тест анықтамасы талап етіледі. Анықтаманың жарамды мерзімі 3 күн және 5 жасқа дейінгі балалардан ПТР тест анықтамасы талап етілмейді. Аталған талап вакцина алған азаматтарға да қатысты, яғни оларда коронавирусты анықтайтын ПТР тестті тапсыруға міндетті. Сонымен қатар ПТР тест анықтамасы міндетті түрде 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) болуы тиіс», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің санитарлық-карантин пунктілерінің басшысы Дәрия Әзімбаева. 

Оның айтуынша, індеттің алдын алу және таратпау мақсатында шетелден келген азаматтар арасында COVID-19-ға қатысты сауалнама жүргізеледі. 

«Сондай-ақ, ел шекарасынан өткен жолаушының қолында ПТР анықтамасы бола тұрып, сол сәтте дене қызуы немесе қандай бір әлсіздіктің белгісі байқалса ол азамат оқшаулануға жіберіледі. Бұл сақтық шарасы болып табылады. Одан бөлек, сырттан келушілер мен ел азамат тарын ақпараттандыру мақсатында КВИ, вакцина, жалпы вирустан сақтану туралы түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылады», - деді ол. 

Айта кетейік, Дәрия Әзімбаева жоғарыдағы мәліметті ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі ұйымдастырған мемлекеттік шекараны кесіп өту мәселелеріне арналған онлайн баспасөз мәслихаты барысында бөлісті.