08 ақп, 2020 сағат 19:18

"Ұжымдық санасы қараңғы үңгірде қалып қойған қоғамбыз..."

Өкінішке қарай, Қордайдағыдай жағдайлар кезінде бірден "біз" бен "олар" болып бөлінуге көзіміз де, бойымыз да үйреніп бара жатқандай... Бейбіт күнде азаматтарымыздың өлім құшуына етіміз де әбден үйреніп қалғандай... Қазақстанда адам және оның өмірінің түк құны қалмағандай... Оған себеп те жоқ емес, әрине. Мемлекеттік институттар қалыптаспаған, заң үстемдігі орнамаған, адам құқығы күн сайын тапталатын елдерде азаматтар экономикалық игілікті бөліскенде күшке, әлеуметтік-экономикалық-саяси статусынан айырылып қалмас үшін непотизм мен трайбализмге, туындаған конфликтіні шешу үшін "самосудқа" жиі жүгінеді. Өмірдің қалған саласында да "по понятиям" өмір сүреді.

Осындай өмір салтының "үздік" үлгілері да жоқ емес. Сантехник-братишканың бизнес жүргізу стилі Қазақстанда жеке мүлікке қол сұқпау деген сөздің бос сөз екенін, "нилер" мен "үсеновтердің" мысалы заң алдында бәрі тең, бірақ кейбіреулер заңнан үстемірек екенін, "күдебаевтар" мен "мейрхандардың" кейсі биліктің өкілдері сотсыз-ақ өздері сот жүргізе алатынын дәлелдеп берді. Ең өкініштісі, ортамызда сол антигеройлардай болғысы келетін азаматтар аз емес. Балам немесе немерем солардай болса екен дейді. Қазақстанда ешкімге жем болмай, құқығы мен ар-ожданын таптатпай бақуатты өмір сүрудің жалғыз жолы "қолдан келсе, қонышынан басу" деп біледі. Яғни, жыл сайын әлеммен бірге қолымыздағы айфонды жаңартып, "дубайлатып" жүргенімізбен, ұжымдық санасы қараңғы үңгірде қалып қойған қоғамбыз.

Жалпы алғанда, Қордайдағы жаппай төбелеске қатысушылардың, оқ атқандардың, үйлер мен ғимараттарды өртегендердің, көліктерді қиратқандардың, "Шаңыраққа қарасын!", "Қазақ қашанғы шыдайсың?!", "Жігіттер, рух қайда?!" деген месседждерді таратқан кісілердің қоғамдағы антигеройлардан, қолы қысқа демесеңіз, айырмашылығы шамалы. Өзгенің денсаулығына қасақана зиян келтіру, адам өлтіру, мүлікті қирату, заңға пысқырмау, "самосуд" ұйымдастыру, "самосудты" қолдау - қылмыс. Ал қылмысты үлкен немесе кіші деп ақтауға болмайды. Қылмыстың аты - қылмыс.

Сондықтан билік осы оқиғаның себеп-салдарын әділ әрі ашық зерттеуді қамтамасыз етуі қажет. Мәселені зерттейтін комиссияның құрамына құқық қорғау органдары өкілдерінен бөлек, мемлекеттік органдардан тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, этноцентризммен ауырмайтын конфликтологтар, әлеуметтанушылар, заңгерлер мен қоғам қайраткерлері, журналистер кіріп, сыртқы факторлардан (кітапхана, Ақорда, Фейсбуктегі көңіл-күй) тәуелсіз жұмыс жүргізуі қажет. Ең бастысы, билік адам құқықтарын сақтау бағытындағы, әлеуметтік-экономикалық, этникалық саясаттағы қателіктерін жоққа шығаруға асықпай, мәселені бүге-шүгесіне дейін зерттеп, заң шеңберінде тиісті сабақ шығаруы тиіс.

Сосын қазақтың жауы басқа ұлттар емес екенін түсінетін кез қашан келер екен?! Қазақтың жауы - жемқорлық, жағымпаздық, жайбасарлық, даңғазалық, жалқаулық, жалған намыс, сауатсыздық. Есі дұрыс ел боламыз десек, қанша ащы болса да, осы шындықты мейлінше ертерек қабылдап, травма мен комплекстерімізді еңсеруіміз қажет. Жемқорлық, жағымпаздық, жайбасарлық, даңғазалық, жалқаулық, жалған намыс, сауатсыздық секілді шынайы жауларымызбен күресу - ел ретінде жарыққа жетудің ұзақ әрі қиын, ең бастысы, дұрыс жолы. Қараңғылыққа одан сайын батудың жолы - әділетсіз саяси жүйенің элементтерімен күресудің орнына "біз" және "олар" деп бөлініп алып, "келімсектермен" ортағасырлық тәсілдермен күресу. Екінші жолдың бәрімізді бірдей құрдымға апаратын жол екенін түсіну үшін кейінгі отыз жылдық тарихымызда Қордайдағы жағдайға ұқсас қайғылы оқиғалар саны жеткілікті деп ойлаймын.

Шалқар Нұрсейітовтың фэйсбуктағы жазбасынан