12 ақп, 2019 сағат 19:42

Ұйықтап қалған полицейді ұрған командир қызметінен босатылды

Астанада көлігінде ұйықтап қалған полицей оқиғасына қатысты қызметтік тексеру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, бұдан бұрын әлеуметтік желілерде полиция қызметкерінің ұйықтап жатқаны туралы видео тараған болатын. Бейнероликті ұйқыдағы тәртіп сақшысының әріптесі түсірген болуы керек. Қызметтік көлікте ұйықтап жатқан полицейдің жанына еппен жақындап келіп отырған тағы бір құқық қорғаушы «Рота командирі тексеруге келді» деп екі үш рет айтады. Ұйқыдағы полицей оянғаннан кейін әлгі командир (болжам бойынша шені үлкен) оны соға бастайды.  

Астана қаласы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 2017 жылы болған. 

«Астана қалалық полиция департаменті полиция қызметкерлерінің жарғыдан тыс қарым-қатынас фактісі бойынша қызметтік тексеру жүргізілгенін хабарлайды. Оның нәтижесі бойынша, жол-патруль полициясының рота командирі қызметінен босатылды. Жол-патруль полициясының полк полицейі қызмет барысында ұйықтағаны үшін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.