Фото: Facebook/Дархан Қыдырәлі
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «…Сұрауы бар» YouTube арнасындағы сұхбатта қоғамда һәм медиада қозғалып жүрген бірқатар маңызды әрі түйткілді мәселелерге қатысты сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сұхбат барысында журналист Президенттің Қытайға сапары жөнінде сұрақ қойды.
"Президент барардың алдында Қытайға қатысты көптеген фейк ақпарат тарады. Іссапар аяқталғаннан кейін де фейк тарату тоқтамай тұр" - деді тілші.
"Фейктерді алдын-алудың бір жолы - көбірек ақпарат беру. Мемлекет құрылымдары көбірек ақпарат беруі керек. Егер мемлекет тарапынан ақпарат аз берілсе, онда оның орнын фейк ақпараттар немесе басқа манипуляциялық ақпараттар басады.
Жалпы, тарихи тұрғыдан алып қарайтын болсақ, біз бес мың жылдан бері қатар өмір сүріп жатырмыз. Былайша айтқанда, құдайы көршіміз. Осы бес мыңжылдықта әртүрлі жағдайлар, әртүрлі соғыстар болды. Бірақ соның ішінде Қытаймен арадағы қарым-қатынас Жібек жолы арқылы тарады. Жалпы, Жібек жолының дамыған кезінде біздің хандықтарымыздың да, халықтарымыздың да дамығанын байқаймыз. Жібек жолы тоқтаған кезде біздің хандықтарымыздың да экономикалық тұрғыда әлсірегендігі, сол арқылы бір-бірімен қырқысып, алып империялардың алауыздықпен құлағандығын жақсы білеміз. Алтын Орданың құлап, ыдырауында да осы экономикалық себеп бар. Біздің хандықтарымыздың ішкі ресурстарға таласуы да - Жібек жолының тоқтағанынан. Сондықтан Жібек жолының дамуы, сонау Сияннан басталған жолдың Батысқа апаратындығы ол - бірінші Қазақстанға пайдалы.
Екіншіден жаңа айттық, Қытаймен бес мың жылдық тату көршілік ол өзінің шеңберінен шықпаған.
Осы түркі елдері, Орталық Азия Қытайды Батыспен жалғап жатса, Қытай да біз арқылы Батыспен жалғанған. Сондықтан бұлар - бір-біріне тәуелді, бір-бірімен септесіп, жалғасып жатқан дүниелер, үлкен өркениеттер.
Сол бес мың жылдықта қанша өркениет, қанша мәдениет, қанша ұлт жойылып, қанша жаңа мемлекет пайда болды. Бірақ біздің осы бес мың жылдық көршілігіміз әлі жалғасып келе жатыр. Мұның үлкен себебі бар ғой деп ойлаймын" - деді Ақпарат министрі.
Оның айтуынша, жиынның Сиянда өтуінің де үлкен символикалық мәні бар.
"Сиян - Тоныкөктің туып-өскен, білім алған жері. Тоныкөк, өзіңіз білесіз, екінші Түрік қағанатының қалыптасуында, қанат жаюында өте ықпалды тұлға болған, үш қағанға бас уәзір болған. Сондықтан Сиян жалпы тек Қытай өркениеті үшін емес, Түркі өркениеті үшін де өте маңызды, түркі жазуы үшін де маңызды жер. Біздің Бітік жазуындағы әртүрлі Қытай жазуларын сол Сияннан келген ғалымдар жазып отырған.
Жалпы, Қытайдың қалыптасуындағы түркі факторын атап өту керек. Пекиндегі Ұлттық мұражайға барсаңыз, мемлекетті қалаушылардың негізі солтүстіктен келген көшпенділер екендігін көруге болады. Таң имериясы кезінде де қарым-қатынастар жақсы дамыды, кейін мысалы Құбылай Шыңғыс қағаннан кейін Қытайды біріктірді. Одан кейінгі кезеңдерде де біз көшпенділер мен Қытайдың қалай жақсы араласқанын жақсы білеміз. Сондықтан Қытайдағы құжаттарға да, архив материалдарына да қарасақ, біздің осы байланыстардың екі елге де пайдалы екенін көреміз.
Үшіншіден, бұл жерде тек Қазақстан барып тұрған жоқ. Орталық Азия және Қытай. Жалпы, Қазақстан мен Орталық Азия ынтымақтастығының қазір ерекше дамып келе жатқанын көріп отырмыз. 5+1 (five plus one) деп айтады, мысалы АҚШ пен Орта Азия, Жапония мен Орта Азия, Европа мен Орта Азия, Ресей мен Орта Азия сынды әртүрлі платформа бар. Енді сол Қытаймен де жалғасып отыр. Сондықтан бұған жатырқап қараудың қажеті жоқ. Басқа елдермен 5+1 деген сияқты, қазір Қытаймен де жаңа бір ынтымақтастық кезеңі шығып отыр. Бұл жерде Қазақстан жалғыз емес. "Жалғыздың үні шықпайды" дейді ғой. Бұл жерде - Өзбекстан, Қазақстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан сынды бес мемлекетпен бірге Қытайдың ынтымақтастығы. Бұл - ұтылатын жағдай емес. Қытайды Парсы шығанағына, Еуропаға, Еуразия құрлығына таситын жол біз арқылы өтетіндіктен, бұл еліміздің экономикасына да үлкен кіріс әкелетіні белгілі" - деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.