22 ақп, 2022 сағат 12:50

Утильалым мөлшерлемесі жарияланатын күн белгілі болды


Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникаларын қайта өңдеу төлемінің жаңа мөлшерлемесі қашан жарияланатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап берген Брекешев утильалым мөлшерлемесі төмендегеннен кейін көліктер арзандай ма, жоқ па деген сұраққа нақты жауап бермеді.

"Мөлшерлеме мәселесіне келсек, ертең (23 ақпанда) автокөлік және ауылшаруашылық техникаларына тарифтер жарияланады. Ал аударылған ақша бойынша, ақпарат бәріне белгілі. "ӨКМ операторының" есепшоттарында, "ӨКМ операторының" ЕДБ шоттарында шамамен 220 миллиард теңге бар. Ол қаулы бойынша, "Жасыл Даму" АҚ-қа бірілген", - деді Серікқали Брекешев.

Ол ақшаның қанша бөлігі жеңілдетілген автонесиеге бөлінетінін айта алмады.

Еске салайық, 19 қаңтарда Үкімет "ӨКМ Операторы" ЖШС-ға қатысты қаулы қабылдады, онда кәдеге жарату төлемі есебінен құрылған активтерді мемлекет меншігіне алу туралы шешім қабылданды.