Біздегі ойланбай ойбайға баса беретін оппозиция өкілдерінің митинг жасауға себеп болатын сылтаулары таусылған сияқты. Сондықтан кейбір шолақ белсенділер таптаурын болған тақырыптарды өңін айналдырып қайтадан көтеріп жүр. Бұған осы жексенбіде Алматы қаласында утиль алымды мүлдем тоқтатуды талап еткендердің митингі дәлел бола алады. Осы жерде Санжар Боқаевтың партия құру үшін көтеріп жүрген ұраны шын мәнінде ресейлік бизнес мүддені көздеп жүрген жоқ па деген сауал туады...
Ұйымдастырушылар "митингтің негізгі себебі – бірінші вице-премьер Роман Скляр жариялаған Үкіметтің мәлімдемесі" деп айтты. Роман Скляр ол туралы көп уақыт бұрын республикалық телеарналардың бірінің эфирінен ұғынықты қылып жеткізген болатын. Ол мәлімдемеде утиль алымды мүлдем алып тастау мүмкін емес, себебі оның түбінде отандық автоөндірісті қолдау міндеті тұр деп айтылған еді. Алайда саяси популизмнің батпағына батқан Боқаев үшін бұндай дәлелді ақпараттың құны жоқ екені түсінікті. Ол "утиль алымнан негізгі пайда көретін ең басты адам тек қана Скляр" деп жалаң жала жаба салды.
Санжар Боқаевтың сөйлеген сөзіне талдау жасап көрейік. Утиль алымды саяси элита мен олигархтар қарапайым қазақстандықтардың қалтасын қағу үшін ойлап тапқан деген ол өзінің ұзын-сонар баяндамасы барысында Әлия Назарбаева туралы бір сөз де қозғамады. Осы жерде ол қандай олигархтар туралы айтып тұр деген ой туады. Әлия Назарбаеваға тиесілі «Оператор РОП» ЖШС-нің бұл істен шеттелгенін, қазір онымен мемлекет айналысып жатқанын сауаты бар жанның барлығы да біледі ғой... Бірақ біздің Санжар мырза ондайға әрине мән бермейді. Оған айқайға аттан қосу, жалаң ұрандау маңызды. Митинг барысында Санжар мырза 50 пайыздың ешқандай әділетті емес екенін, бұндай шешімді Үкімет ешқандай есеп жүргізбей қабылдай салғанын, сондықтан оған келіспейтінін айтумен болды.
«Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» дейді. Утиль алым тақырыбы алғаш көтерілгенде Санжар Боқаев «бұл менің бастамаммен болған жеңіс» деп атап, осы шешіммен келісетіні туралы жаһанға жар салғаны көпшіліктің есінде. Алайда уақыт өте келе ол ойынан айнып, аранын аша түскен қылығы оның өз қожайындарынан басқа тапсырма алды ма деген ойға еріксіз жетелейді...
Санжар Боқаев бұл мәселе бойынша Скляр мырзаның келтірген дәлелдерімен санасуды жөн деп таппаған сияқты. Оның орнына жиналған халыққа аты-жөндері белгісіз шенеуніктер мен олигархтар туралы айтумен болды. Оның түпкі ойы әйгілі әулеттің утиль алымға тікелей қатысты екенін жиналғандардан жасырып қалу болғаны енді түсінікті болып отыр.
Санжар ұйымдастырған саяси спектакльді ары қарай тамашалайық. Боқаев митинг барысында есімдері елге мәлім тағы екі белсендіні шақырды. Болат Әбілов пен Макс Боқаев. Яғни, осы арқылы әлеуметтік-экономикалық тақырыпқа жататын утиль алым мәселесіне саяи реңк беруге талпыныс жасап көрді.
Ел алдына шыққан Макс Боқаев: «Утиль алымды мүлдем алып тастау маңызды. Бұл Назарбаев режимінен қалған қатерлі ісік. Оны тамырымен жұлып алу керек» деп бірақ қайырды.
Сызыла сөз алған Болат Әбілов болса бірді айтып, бірге кетті. Басында Қазақстанды Қырғызстан, Армения елдерімен салыстырды. Екі мемлекеттің демократиялы елдер екені, сондықтан ол жақта көліктердің арзан тұратыны, сол себепті қазақстандықтардың автомашиналарды сол елдерден таситыны т.б. ұзын-сонар әңгіме.. Жалпы бұл - Әбілязовқа тән стиль. Қазіргі сәнге айналған тілмен айтқанда кез-келген тақырыптан «хайп» жасауды жақсы меңгерген ескі оппозиция өкілі.
Тек өзіне ғана тән ойлау жүйесінен шыққан болжамдарын шындыққа балайтын Болат бір кезде «утиль алымды Әлия Назарбаевға берген себебі, әулеттің басқа мүшелері өзге байлықтың барлығын алып қойған болатын. Сондықтан Әлияға қарапайым халықтың қалтасына қағудан басқа жол қалмады» деп салды. Кенет әңгіменің ағыны «қаңтар оқиғаларына» қарай бұрылды. Үш айдан бері оған ешкім ештеңе түсіндірмегенін, қарапайым халықтың өліміне кімдер кінәлі екенін айтпағанын, жалпы елде ешқандай оң өзгеріс орын алып жатпағанын жеткізді. Әттең сол кезде оның қасындағылардың арасынан «егер ештеме өзгермесе қазір митингілерге еркін қатыса алмайтын едің, тек ағайынды Нығматуллиндердің жабық той-томалағында, арнайы алдырған шарап ішіп отырар едің» деп айтып салатын адам табылмағаны өкінішті. Қызды-қыздымен сөз соңында Әбілов мырза «қаңтар оқиғасын» Украинадағы «Буча қырғынымен» теңестіріп тастады. Яғни, ҰҚКҰ сарбаздары, соның ішінде ресей әскері қазақстандықтарды қырып тастады дегенді меңзеді.
Жалпы Санжар Боқаевқа Әбіловке тән бір қасиетті ескерте кеткен артық болмас. Әбілов өзінің өткен кезеңде оппозицияда болған тәжірибесі туралы айта келіп, өзі сенім артқан достарының көңілін қалдырғанын, ал өзі қаншама қаржысын солар үшін желге шашқанын, аяғында бәрін тастап кетіп қалғанын мәлімдеген еді. Бірақ, өкінішке орай, оның осылай орта жолдан кіәмді болса да лақтырып, оңай кете беретін мінезін тәжірибесі аз утиль алыммен күресушілер толық білмейтін сияқты.
Біздің халықтың өте сенгіш қой. Сондықтан Санжар Боқаевтың анти-утиль алым ұранын не үшін көтеріп жүргенін тсүіндіре кетейік. Шын мәнінде, утиль алым – біздің отандық авто өндіріс үшін өте қажет шара. Егер оны алып тастаса отандық автонарыққа шет елдің ескі көліктері ағылатыны түсінікті. Және ол Боқаев айтып жүргендей жапонның немесе немістің сапалы автолары емес. Қазіргі жаһандық жағдайды бажайлап қарасақ, біздің нарықты орыстың «қаңсық қаңылтырлары» аталып кеткен көліктері басып кететіні түсінікті. Орыстың авто өндірісі санкцияларға байланысты шет елдерден келетін авто бөлшектерге қазір зәру болып отыр. Бірақ өндірісті тоқтатпау керек. Сондықтан оларда алдағы уақытта сонау 70 жылдардың сәніндегі «Ниваларын», кеңестік «Жигулилер» мен «Москвичтерін» қайта жасап шығарудан басқа амал қалмайды.
Сондықтан осыларды ой елегінен өткізген адам утиль алыммен күрескерлердің кімнің мүддесін қорғап жүргендерін түсінеді деп ойлаймын. «Нағыз Кремльдің агенттері» деген атаққа сұранып тұрғандар.
Тағы бір қызықты жайтты айта кетейік. Утиль алымға қарсы күресіп жүргендердің акциясын ақпараттық қолдау көрсетіп жүргендердің ішінде ақшасын төлемесе, саусағының ұшын қимылдатпайтын Вадим Борейко деген журналист бар. Осы журналист аталған митингке қатысқандар қол қойды деген петицияның нәтижесімен бөлісіпті. Жиыны 420 адам қол қойған екен. Ал «Орда», «Власть» деген атаумен белгілі апарат құралдары аталған митингіге 100 бен 300 шамасында адам жиналды деп жазады. Сонда Борейко айтқан 420 адам қайдан шықты деген заңды сұрақ туады. Дегенмен шикі саясаткерлер үшін ойдан статистика шығарып, елді алдай салу түкке де тұрмайтыны белгілі ғой...