25 қыр, 2019 сағат 17:26

Үшкемпіров: Небір жас чемпиондар ауылда жүр

Спорт ардагері, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров Президенттің спортты қолдау бағытындағы тапсырмалары мен жақында елордада күрес түрлерінен өткен Әлем чемпионатының қорытындысына байланысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Жолдауында балалар үшін спорт кешендерінің қолжетімді болуын ерекше атап өткені белгілі. Міне, біз осы тапсырмасына жіті маңыз беруіміз керек. Себебі, қалалардан бөлек, ауылда небір жас чемпиондар жүр. Бәріміз ауылдан шықтық. Бала кезден тамағы тоқ, ауылдың жұмысына мығым баланың спортта бағындырар шыңы биік. Тек сол жеткіншектерді дұрыс бағыттап, жеңіс дәмін татқызып жіберетін спорт залы мен білікті жаттықтырушы болуы керек», - дейді Жақсылық Үшкемпіров.

Спорт ардагері сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен өткен Әлем Чемпионатының ұйымдастырылуын жоғары бағалады.

«Мұндай Әлем чемпионатын өткізу – кез келген мемлекет үшін үлкен мәртебе. Келесі жылы Токиода өтетін Олимпиада алдында бұл да бір дайындықты пысықтау деп білемін. Төртжылдықтың басты бәсекесі – Олимпиада ойындарына 8 жолдама ұтып алудың өзі спортшыларымыздың бәсекеге қабілеттілігін білдіреді. Ия, алтын медальдан үмітті болғанымыз рас, дегенмен, өкінішке орай, алтын бұйырмады. Себебі, спортшылардың деңгейі өте жоғары болды. Десе де, ұйымдастыру жағында ешқандай мін жоқ. Басқа Әлем чемпионаттарын көріп жүрмін, үйдегі турнирдің бәсі басқалардан жоғары екенін мойындаймын. Ұйымдастырушылар барлық жағын жақсылап ойластырған»,-деді Жақсылық Үшкемпіров.

Айта кетейік, 2019 жылдың 14-22 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтан қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионатын өтті. Нұр-Сұлтандағы әлем біріншілігі 2020 жылғы Токио Олимпиадасының лицензиясы үлестірілген алғашқы іріктеу турнирі болды. Ел қоржынында 3 күміс, 4 қола, 8 олимпиада жолдамасы бар.