Естелік – әңгіме
Әскерге алғаш келгенімде қатты қиналдым. Әсіресе, ауа-райы әуре етті. Күзгі шақырылым болғандықтан, мұнда желтоқсанның ортасында келдік. Айналаның бәрі – қою қараңғылық. Түні де – түн, күні де – түн.
Дегенмен көшелер мен жұмыс орындары самаладай жап-жарық. Адамдар сол жарықпен жұмыс істейді. Полярлық түн деген осы екен. Күн сәулесі сәуірдің ортасынан төңіректі жарықтандыра бастайды. Түн сейіліп, қараша басталғанша шуақты болып тұрады. Қазір ойлаймын, Кеңес одағы өндірген бүкіл электр қуатының жартысы осы Мурманск, Архангельск облыстарына кеткен шығар-ау деп.
Қанша ауыр болса да, шыдайтын адам шыдайды екен. Қазір Қазақстанда жүріп бір жылға әрең төзетін жастарымыз кездеседі. Мурманскіде бүкіл ротада жалғыз қазақ болдым. Қасымдағылардың көбі орыс, әзербайжан, армян, грузин ұлтының өкілдері. Нағыз интернациональды топ болдық.
Сөзімді өткізе алмағаныма намыстандым.
Бір жарым жылдан соң соқыршек болып ауруханаға түстім. Ол кезде сержантпын, он жеті адамдық бөлімге жетекшілік етемін. Ішім қатты бүріп ауырғандықтан, қасымдағы жігіттер бірде арқалап, бірде қолтығымнан демеп казармаға алып келді. Біраздан кейін жедел жәрдем кеп, әскери госпитальдан бірақ шықтым. Әскери медицинаның мықтылығы сол – ота бес алты минутқа ғана созылды. Дәрігерлер атымды, қай жақтан екенімді сұрады. Ота жасай жүріп өзара ауа-райының бүгін жылы болатындығын, теңізден ызғырық соқпайтынын сөз қылып, маған мүлде көңіл аудармағандай кейіп танытты. Бағанадан қорқып жатқан менің көңілім орнына түскендей болды. Бір уақытта медбике ыдысқа салынған соқыршегімді әкеп көрсетті. Сәл қалғанда жарылады екен» деді күліп тұрып.
Ота жасап болған соң хирург: Қазір демал, үш сағаттан соң ішіңді қатты басып жүре беруіңе болады» деді. Палатада бірнеше сағаттан соң тұрмақ болған едім, тігілген жер қатты ауырып, қайта төсегіме құладым. Бірақ ертеңінде жүріп кеттім. Әскерде кездестіріп, ұнатып қалған қызым – Наташа күнде кеп тұратын. Үйінен әкелген тоқаштар мен тосапты тумбочкаға қалдырып кетіп жүрді.
Бір күні Наташа: Сенің бөліміңдегі Самвел үйіне кеткелі жатыр» деді. Қарамағымдағы солдат болғасын шығарып салайын деп ойладым. Дәрігерге ота орны ауырмайтынын айтып, бірер күнге ерте шықтым.
Самвел демекші, мен сержант атағын алған соң, рота командирі қарамағыма біраз жауынгерді бөліп бергенді. Төрт грузин, екі армян, бір шешен, қалғандары – орыс. Он жеті адам.
Күнде тәңертең асханадан шыққан соң оларды қатарға тұрғызып, күзететін обьектіге апаратынмын. Көшеге шығарда қолдарына жалауша беріп, бірін қатар алдына, екіншісін артқа қоямын. Тәртіп солай. Ары-бері ағылып жатқан көліктерден абай болу үшін. Сөйтіп, бір солдатты алға жібердім де, екіншісіне «Мынаны ұстап, артта жүр» деп жалау ұсынып едім, қасарысып алмады. "Мен жуырда ғана ұстағам, ылғи мен ұстауым керек пе" дегені. "Мә, ұста!" дедім айғайлап. Анау қынырланып саптан шықпады. Басқалары қарап тұр. Іштерінен мысқылдап тұрғандай көрінді. Қоластымдағы жауынгерге сөзімді өткізе алмадым-ау деп қатты намыстандым. Ызам келгені сонша, жалаушаның сабымен бетінен салып жібердім. Анау бетін ұстап, бақырып отыра кетті. Саусақтарының арасынан бұрқырап қан аға бастады. Бір-екі жауынгерге «Мынаны медпунктке алып барындар» дедім. Артынан білсем, көзінің астыңғы етін жарып жіберген екем. Оны медпункте істейтін Наташа айтты. Осы әрекетім үшін рота командирінен қатаң сөгіс алдым.
Әскерде оқыс оқиғалар жиі кездесті. Мүмкін жас кезімдегі тарпан мінезімнен де шығар. Бірде казармада бір топ солдат теледидар көріп отырғанбыз. Бір кезде Қазақстанды, орманды Көкшетауды, әсем Бурабайды көрсетті. Қызғанды ма, әлде әдейі айтты ма, қасымдағы бір жігіт «Это – не Казахстан» дегені. «Почему так думаешь» дедім оған, анау «Казахстан – это одни пески и верблюды, больше там ничего нет» деді қырсыға. Ашуланғаным сонша, орнымнан атып тұрып, белдігімді ағытып, темір жағымен әлгінің бетінен тартып жібердім. Тағы бірнеше рет ұрғаным есімде. Көтерле берген ол ыңырана бетін басып, қайтадан отыра кетті. Білдіктің темірі құлағын жырып кетіпті. Командиріміз тағыда маған қатаң сөгіс беріп, осылай қайталанса, сержанттықтан алып тастайтынын ескертті.
Сол күндері Наташаның "Саған тұрмысқа шыққанда маған қол көтермейсің бе осы" деп күдіктене қарағаны ойымнан кетпейді.
Кола түбегінің жазы жылы, қысы ызғарлы. Бізге қыста арнайы қалың киімдер беретін. Мұзды мұхиттан соққан жел күзетте жүрген бізді қалтыратып жіберетін. Солдаттарды қатарға тұрғызып, обьектіге кетіп бара жатқанымда Наташа жүгіріп кеп, қағазға оралған затты қойныма тығатын. «Бұл не» деген сұрағыма «Барғанда аздап ішіп жүр, сонда тоңбайсың» дейтін. Бұл поляр аумағында кең тараған «Стрелецкий» деген арақ болатын. Қызғылт түсті болғанымен, ашты еді. Осы жайт жиі қайталанған соң: Мені алқаш қып жібересің өстіп» деп ренжитінмін. Ол күліп: Сен еш уақытта ішкіш болмайсың» дейтін. Жас болса да адамның қандай екенін аңғарады-ау деймін.
Күнде тиісіп, айтқандарын істететін көрінеді.
Бірде көрші ротадан екі қазақ жігіті іздеп келді. Олардың бөлімінде біраз қазақ бар еді. Көп арласпасам да, көргенімде қай жақтан екенін сұрап жүретінмін. Айтқандары - сондағы армян жігіттері бұларға күнде тиісіп, айтқандарын істететін көрінеді. "Реті келгенде сөйлесермін" дедім абыржығандарын басып. Кейін тағы бірнеше рет келді. Әлгі армяндармен сөйлеспекке нар тәуекел деп, бір күні казармаларына бардым. Қазақтардың айтқаны – Арекелян дегені бастайтын көрінеді. Сөйтіп бұларды жабылып ұратын секілді. Сан жағынан қазақтар аналардан көп, бірақ жасық.
Казармаларына келгенде бір қазақ жігіті оны меңзеп көрсетті. Ол болса шалқасынан төсекте жатыр. Ірі жігіт екен. Қалғандары ар жағында домино ойнап отыр. Қасына кеп «Ей, ара (армянша «жігіт» деген сөз) я с тобой поговорить пришел» дедім. Ол болса орнынан қозғалмай «Какой дурак тебя сержантом назначил» дегені намысыма тие сөйлеп. Домино ойнап отырғандары өре түре келді. Анау орнынан қозғалмай әлі жатыр, маған не істей аласың дегендей түр көрсетіп. Выходи один на один» деп аяғынан теуіп жібердім. Ол орнынан атып турды. «Ты – трус, один сможешь выйти» дедім жабылып кете ме деп қауыптеніп. Сендер тыныш тұрыңдар дегендей болды қасындағыларға өз тілінде сөйлеп. Сөйтті де айғайлап маған тұра жүгірді. Сілтеген жұдырығын тигізбей жалт бұрылып, ту сыртына шықтым. Қасымда тұрған табуреткамен бүйірінен ұрғанымды білем. Бері қарай бұрылған ол екі аттап, бүгіліп отыра кетті. Осыны пайдаланып тепкілей бастадым. Қарап тұрған жақтастары жабыла кетті. Нағыз қырғын енді басталды. Шамам келгенше аналармен сермесіп жатырмын. Бір мезгілде, "Ну-ка прекратите!" деді біреу айғай сап. Қарасам, кезекші бөлім майоры кеп тұр. Айғай-шу сап басылды. Ареклян мықшиып әлі отыр. Жақтастарының бірнешеуі оны көтеріп, төсегіне жатқызды. Майор: "Қай жерің ауырып тұр?" деді анаған. "Қабырғам" деді анау ыңырсып. Медпунктен зембіл әкелуге бір солдатты жіберді де, "кім кінәлі" дегендей бізге қарады. "Мынау кінәлі деп" бәрі мені көрсетті. "Өз ротаңа бар, кейінірек сөйлесеміз" деді маған жеки қарап. Казармадан шығып бара жатып алыстан үрпиіп қарап тұрған қазақ жігіттерін көрдім. "Аналар жабылғанда біреуі келіп көмек беруге жарамады-ау" деп ішімнен ызалана өкіндім. Елде жүргенде өздерінше керемет. Сыртқа шықса өзге ұлттармен жаңжалдаспақ тұрмақ, олардың көлеңкелерінен қорқады. Өңкей ез. Ішімнен қатты ренжідім. Алаңдап ротаға келдім. Соттап жіберсе не істеймін деп ойладым.
Жарты сағаттан кейін әлгі майор және капитан Васильев бір-екі солдатпен маған келді. "Әкел погондарыңды" деді майор ызғармен. Иығымдағы погондарымды жұлып алып, қолына бердім. "Мынаны штабқа алып барыңдар" деді жанындағы солдаттарға. Аналар мені штабқа алып келді. Сотталатын болдым-ау деп ойладым. Өңі қоңырқай полковникті анда-санда сыртынан көруші едім. Қарсы алдымда сол тұр. Полк командирі екен. Әлгіндегі майор мен капитан Васильев те келді.
«Ал, сайра сарбазым» деп полковник маған иек қақты. Болған жайтты қаз-қалпында айтып бердім. "Ана қазақтар сонда өздерін қорғай алмай ма" деп полковник ренжи сөйлеп. Сенің кінәң – аналарды қорғаймын деп іздеп барғаның. "Оларда да кінә бар. Төбелес ашпай, сөйлесуге болмай ма" Біраз нәрсені анықтап сұраған соң мені "сыртта күт" деп шығарып жіберді. Ойым он саққа жүгіріп, есік алдында біраз жүрдім. Аздан кейін кезекші солдат мені ішке шақырды. Полковниктің алдына қалтырап әрең келдім.
- Сен өзі мұндай төбелесті бірнеше рет қайталаған көрінесің. Берілген сөгістерін бар екен. Ананың қабырғасына ауыр зақым келтіріпсің. Осы ісің үшін әскери трибуналға беріп, соттатып жіберуге болар еді. Дегенмен осы жолы аналардың өздері кінәлі. Саған соңғы рет ескерту береміз, еліңе аман кеткің келсе, тыныш жүр. Пагондарын қайтарып бер, - деді капитанға қарап.
Қуанғанымнан казармаға жүгіріп келдім. Біраздан соң рота командирі пагондарымды әкеп берді. Пагондарыңды тағып ал. "Қайткенмен де сен жарадың, полковник сені батыл қазақ екен деп мақтады". Капитан осыны айтып жымиып күлді де "Обьектідегі бөлімге бар" деді артынан.
Сөйтіп әскерде жүргенімде үш рет сөгіс алып, үшіншісінде сотталып кете жаздадым. Адам жас кезінде өзін дұрыс ұстап, абайламаса от пен суға түсіп кетуі оп- оңай-ау деп ойлаймын кейде сол бір жылдарды есіме алып.
Бейсенғазы Ұлықбек
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.