Алматы Фтизиопульмонология орталығының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, фтизиохирург, пульмонолог Абзал Малбасқанов ел арасында тараған «ұшақпен вирус шашты» деген әңгімеге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, ел арасында тараған «ұшақтармен вирус шашты» деген әңгіме шындыққа жанаспайды.
«Кейбір адамдар жалған ақпарат таратуға құмар. Ұшақпен, тікұшақпен вирус шашып кетіпті деген ақпарат әлеуметтік желіде көптеп таратылып жатыр. Бұл адамның ақылына да сыймайды. Бұл сұраққа еуропалық ғалымдар бірден жауап берген. Жер бетіндегі коронавирус инфекциясының барлығын жинағанның өзінде жалпы салмағы 1 келіге жетпейді. Оны барлық өңірге қалай сеуіп шығуға болады?», -деді Малбасқанов.
Маман сондай-ақ, дезинфекциялық құралдар пневмония тудырады деген ақпаратқа түсінік берді.
«Дезинфекциялық құралдар пневмония емес, аллергия туғызуы мүмкін», - деді ол.
Сонымен қатар, ол пневмонияға шалдыққан адамдарға моншаға неге баруға болмайтындығын түсіндірді.
«Пневмонияға шалдыққан науқастарға 2-3 ай моншада буға түсуге болмайды. Себебі ыстықта атмосфералық қысым көтеріліп, жүрек-қан тамырларына, тыныс алу жүйесіне кері ықпал етуі мүмкін», - деді ол.