19 мам, 2025 сағат 13:57

Ұшақпен ұшуды білеміз. Ал ұшақта ұшу мәдениетін білеміз бе?


Фото: Динара Болаттың жеке мұрағатынан

Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы

Жуырда Turkish Airlines компаниясы енді ұшақ толық тоқтамай  орнынан тұратын, белдігін ерте шешетін жолаушыларға айыппұл салу шешімін қабылдады. Бұл шара 2025  жылдың 2ші маусымынан бастап Түркияның Азаматтық авиация басқармасы (SHGM) бекіткен жаңа қаулы аясында заңды күшіне енеді.

Бұрын «ұсақ тәртіпсіздік» деп саналатын бұл әрекеттер енді — заң бұзушылық. Жаңа ережеге сай келесі әрекеттер «тәртіп бұзушылық» ретінде қарастырылады: ұшақ толық тоқтамай тұрып орнынан тұру, қауіпсіздік белдігін ерте ағыту, жоғарғы жүк сөресін ерте ашу, экипаждың нұсқауына бағынбау немесе қарсы шығу.

Бұл — тек тәртіп емес, қауіпсіздік мәселесі. Себебі ұшақ қонғаннан кейін кенет тоқтап қалуы немесе басқа да төтенше жағдайлар орын алуы мүмкін. Мұндайда орнынан ерте тұрған жолаушы ауыр жарақат алуы ықтимал. Өте өзекті мәселе. Себебі біздің ел жолаушылары арасында да ұшақ толық тоқтамай орнынан тұрып, абыр сабыр боп жатқанда жарақат алу жағдайлары кездескен еді.

Ұшақ ішіндегі мәдениет — бұл жай ереже сақтау емес. Бұл — жүздеген адамның шектеулі кеңістікте қысқа уақытта өзара сыйластықпен әрекет етуі арқылы ортақ жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Осыған орай ұшақта ұшу мәдениетін біле жүрсек.

Уақтылы ұшып кетіп, транзиттік жолаушыларды келесі рейстеріне кешіктірмей жеткізу үшін әр минут, секунд маңызды. Сол себептен ішкі рейстерге кемінде 1,5 сағат, халықаралық рейстерге 2–3 сағат бұрын әуежайға келу міндетті.

Өз орныңызға, қол жүгіңізді жоғарғы сөреге жайғастырғанда өзгелерге келтірмеуіңіз сұралады.

Ұшу кезінде бортсеріктердің жұмыстарына кедергі келтірмей, әркіммен әдепті сөйлесу маңызды.

Музыка немесе бейне көрерде құлаққап киюді ұмытпаңыз.

Ұшақ толық көтерілгендігі жөнінде хабарлағанға орындықты шалқайтпаңыз. Аяғыңызды көтеріп, алдыңыздағы жолаушының орындығына салып, не тіреп отыру тіпті ұят. Сонымен бірге тамақ берілген кезде орындығыңыздың арқасын тіктеуді ұмытпаңыз.

Ұшақтың ішінде тазалық сақтау аса маңызды. Әдетте жолаушы сыйымдылығы 120-200 адам болатын Boeing, Airbus ұшақтарында 2-3 қана дәретхана болады. Сол дәретханаларды өзіңізден кейін таза қалдыру ең әдемі әрекетіңіз. Одан бөлек ұшаққа мінерде дене, ауыз қуысы иісін реттеп келу жаныңыздағы жол серігіңізге деген сыйластық.
 
Иіс демекші мас күйде ұшу  заңмен тыйым салынғанын біле жүрейік.

Халықаралық IATA және ICAO ұйымдарының талаптарына сәйкес, мас күйінде ұшуға қатаң тыйым салынады. Егер жолаушының сөйлеу мәнері, қозғалысы бұзылғаны байқалса — оны ұшаққа кіргізбеуге әуе компаниясының толық құқығы бар. Ал егер мас жолаушы ішке кіріп алған соң агрессивті мінез көрсетіп, бортсеріктерге бағынбаса, ол полицияға тапсырылып, жауапкершілікке тартылады. Мұндай жағдайлар Қазақстанда да бірнеше рет тіркелген.

Фото: Динара Болаттың жеке мұрағатынан

Қол соғу — алғыс па, әлде артық әрекет пе?

Пилотқа ұшақ қонғаннан кейін қол соғу  ТМД елдерінде, Жерорта теңізі бағыттарында кең тараған дәстүр. Бұл әрекет ризашылықтың белгісі саналады. Алайда АҚШ, Жапония сияқты елдерде бұл қалыпты көрініс емес. Себебі олар үшін ұшақты қауіпсіз қондыру — ұшқыштың кәсіби міндеті, оған ерекше алғыс білдіру артық деп есептеледі.

ПАЙЫМ

Ұшу мәдениеті — бұл жолаушының өзін әдепті, мәдениетті ұстауы арқылы бүкіл экипаж бен басқа жолаушыларға құрмет көрсетуі. Әуе кеңістігінде әр секунд, әр шешім – адамның өміріне тікелей әсер етеді. Сол себепті жолаушылар тарапынан болмашы көрінетін әр қылық аса маңызды. Аз уақыт ішінде, тар кеңістікте әр адам саналы әрекет еткенде ғана бәрі діттеген жеріне аман-есен, жайлы жағдайда жете алады. Адам  әсіресе саяхатта, жолда танылады. Бір біріміздің алдымызда жүзіміз жарық болсын!


Динара Болат