Құрметті, Қазақтың мүддесі үшін, келешек ұрпақ үшін жұмыс жасап жатқан бұқаралық ақпарат құралдары. Соның ішінде әлеуметтік желідегі топтар һәм сайттарға аса қаратып отырмын.
Ақпараттық кеңістікте тыныстап жатқан азамат өкілі ретінде сіздерге айтар датым бар. «Дат, тақсыр!» дегенде, сөзіме құлақ асып, «Датыңды айт!» дер басшы болса.
«Заманың түлкі болса, тазы боп қу» деген сөз бар. Түлкі айласын асырғысы келген сайын біз алданып қала бердік. Тазы – тектіліктің аңы. Оны қор қылмас үшін ойлану керек, санаға салу керек. Айтпағым - бұл емес.
Қазір бірнеше сайттардың халық игілі үшін деп арзан дүниенің сойылын соғып жүргенін жақсы білемін. «Халыққа керек дүние - осы» деген арзан сылтаумен нан тауып жүрген тілшілердің төбесінен қарайтын сүзгі бар ма?! Әйтпесе «сүйгеніне қызғанып, төсектес болған жерінен ұстап, әлеуметтік желіге салып жіберіпті», «әйелін жалаңаш көшеде жүргізіп қойды» деген секілді анайы тақырыптармен халықтың көңілінен шығу кімге керек?
Әлеуметтік желіде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін отырады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Ендеше, балапаның анайы дүниенің құрбаны болып жатса, оның ілетін дүниесі ізгілікке, инабаттылыққа, махаббатқа бастай ала ма?!
Сіздердің басқа жазатын дүниелеріңіз жоқ па?! Онсыз да саясаттың күл-талқанын шығарып жазып та, "мазақ" қылып та жатырмыз, ара-тұра елдің хал-ахуалына қатысты дүниелер беріп жүреміз. Бәріне көз жұма қарадық. «Интрига» тудыру қазір - мода. Бірақ интрига тудырам деп ұлттың салтынан аспау керек. Қазақтың дәстүрі, менталитеті жабайы деп жүрсеңіздер, қатты қателесесіздер!
Атадан келе жатқан тәрбие сеп боп, эротикалық тақырыптағы әңгімелердің үй ішінде де, үй сыртында да ашық айтылмауы, үлкендердің баланың көзінше астарлап болсын сөз қылмауы - тектілік. «Қазіргі балалар іштен біліп туған» дейміз. Жоқ! Ешкім іштен біліп тумайды. Абай оны о баста айтып кеткен. Үйретеміз. Күйретеміз. Сосын барып кінәлаймыз.
Ұрпақ санасының жалаңаштанып кетуіне сіздердің беріп отырған «жалаңаш» ақпараттарыңыз себепкер. Ендігі әлеуметтік желілер, сайттар арқылы жанарларын жалаңаштап алған ұрпақты, бүтіндей шешіндіріп алмайық!
Аса қадірлі, қазақ журналистері!
Құрметті, сайт басшылары!
«Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қазақтың сөзі бар. Қас-қағым сәттің ішінде халықтың алдына шығып кететін әрбір ақпаратқа мән бере отырып, сүзгі жасасаңыздар. Сіздің «бум» жасап тауып жүрген наныңыз, бүкіл бір ұлттың ұрпағын уландыруы мүмкін.
Төсектің әңгімесін өсектің ошағын айналдырмай, қайта осы дүниемен күрессеңіздер. Ұрпақ өсіп келеді!
Құрметпен, Марғұлан АҚАН