Бала кезде бір-бірімізге айтатын қорқынышты әңгімелер әлі күнге жадымыздан шықпайды. Соның барлығы дерлік өтірік болса да, неге сужүрек болғанымыз түсініксіз. Бұл әлде бала кезде бойды билейтін қорқыныш сезімдерінің асқынып, байсалды мінездің қалыптаспағандығынан ба? Тіпті сол үрейді әлі күнге толыққанды жеңе алмағандар да баршылық.
Өткен ғасырдағы дене түршіктіретін аңыздардың дені жалмауыз кемпір, қансорғыш, көрінбейтін кісілер туралы болып келсе, бүгінгі балалардың бойындағы үрей тіпті көп. Телеарналарды қоссаңыз миды ашытатын мультфильмдерден бастап, кәдімгі жаңалықтарға дейін адамдарды амалсыз сақтануға мәжбүрлейді. Өйткені тал түсте жоғалып кету, кездейсоқ апат пен өлім, өрт, зорлық пен зорлау әрекеттері бір толастамай тұр.
Ғалымдар ашқан жаңалықтардың да біразы адамзат үшін қорқынышты екен. Олардың бірқатары мынадай:
Ғарыштағы ақылсыздық
Соңғы жылдары Марсқа сапар шегу, тіпті 2030 жылдан бастап адамдардың сонда тұрақтап қалуы төңірегінде көптеген әңгімелер айтылып жүр. Осының өзі оңай нәрсе емес, ойланатын нәрсе екен. Жақында жүргізілген зерттеулер барысында адам баласын үркітетін деректер айтылды. Зертханаларда тышқандарға жүргізілген тәжірибе Қызыл планетада ғарышкерлерді қорғайтын табиғи қорғаныш қабаттары жоқтығын көрсеткен. Осының салдарынан тышқандардың миында қабынулар пайда болып, есінен айырылу байқалған. Олар үнемі үрей үстінде өмір сүрген.
Қазіргі кезде ғарышкерлерді бөгде әлемде сәулеге ұшыраудан қорғайтын бірде-бір тиімді тәсіл жоқ. Осыдан шығатын қорытынды мынадай: Марста мақсатқа жету қиын, себебі онда адамзатты тек өлім күтіп тұр.
ДНК ұрлығы
WO деп аталатын вирус кейбір өрмекшілердің жасушаларында болатын бактерияларды жояды екен. Оқымыстылар ДНК-ның бір бөлігін шын мәнінде бүлдіретіндігін де анықтаған. WO бунақаяқтылардың бірқатарында ғана уды реттеуге себепші делініп келсе, енді бұл қағидаға да өзгерістер енгізілді. Құрамы улы зат жасушылардың қабыршақтарына еркін еніп, сол жерде тез көбейетіндігі дәлелденді.
Зерттеу авторлары осыған дейінгі вирус көпклеткалы тіршілік иелерінің геніндегі бактерияларды ғана «ұрлайды» деген жорамал жоққа шықты. Осыдан соң адам атаулының геніндегі де «ғажайыптардың» соңы қалай аяқталатындығын зерттеу қажет болып тұр.
Солтон-си-дің жарылуы
Сейсмологтар көптеген жылдар бойына АҚШ-тағы атақты Сан-Андреас жарығын күшті жер сілкінісінен кейін пайда болды деп келген еді. Алайда бұл пікір жаңсақ болып шықты. Негізгі апат ошағы ол жерде емес, Сан-Андреаске көлбеу жатқан Солтон-сиде болғанын анықтады. Яғни, жарық тектоникалық плитаның құлауынан пайда болған.
Бұл жаңалық аумақтағы сейсмикалық қауіпті қайта бағалауға мүмкіндік берді. Солтон-си өзеніндегі жарық қайта Сан-Андреаске түсетін салмақты азайтып отырған көрінеді. Бұлай болмағанда әлгі жарық екі есе үлкен болады екен және ол жер шарына да әсері болуы мүмкін.
Жаналғыш машина
Жасанды интеллект – болашақтың өте маңызды технологиясы екендігін уақыт дәлелдеді. Алайда америкалық Карнеги университеті ғалымдары жасанды интеллект адамзат үшін қауіпке айналуы мүмкін деген болжам жасады. Олар кез келген нәрсені құртатын жасанды нейрондар жүйесін әзірлеген. Әзірше ол Doom ойындар жүйесінде қолданылатын виртуалды әлемдегі дүние ғана. Қазір компьютерлерде ойналатын осы ойындар өмірде іске асар болса, дүние қалай боларын білесіз бе?
Каролин қасапшысы
Солтүстік Каролина мемлекеттік университетінің палеонтологтары жақында ғылымда белгісіз жануардың түрін тапты. Ол ертедегі динозаврлар мен қолтырауындардан да күшті болып шықты.
Бұл тіршілік иелері кезінде дүниені шарлап, адамзаттың жауына айналған. 200 миллион жыл бұрын өмір сүрген хайуан қайта келер болса, тағы да адамдардың түбіне жетері анық. Бірақ ғылымдағы қару-жараққа қатысты кейбір жаңалықтар онсыз да тіршілікті тығырыққа тіреп тұр.
Несие картасы
Осыдан үш жыл бұрын Екатеринбургте банктің несие картасына арналған ескерткіш ашылған. Шойын картаға Эдвард Белламидің аты-жөні ойып жазылған. Ол 1888 жылы жарық көрген «Өткен күнге көзқарас» деп аталатын қияли романында несие жүйесінің пайда болатындығын жазыпты.
Кітапта Беллами басты кейіпкер XIX ғасырдың соңында терең ұйқыға кетіп, 2000 жылы оянғаны туралы жазады. Сонда көрген түсі қызық. Әлем қаржы корпорациясы арқылы басқарылып, қолдағы барлық қаражат жинап алынады. Оның орнына әрбір азамат өзінің есебіне белгілі бір мөлшерде қаражат аударылған арнаулы карталар алады.
Осылайша, Белламидің романы бестселлерге айналып, қоғамдық ұйымдар мен партияларды таңғалдырған. Ал Белламидің партиясы Нидерландыда 1947 жылға дейін – жарты ғасыр өмір сүрген. Есесіне, несие карталары мәңгілік өмір сүруге бекем бел буған сыңайлы.
Адам ағзаларын ауыстыру
1955 жылы Станислав Лем «Мистер Джонс тірі ме?» деп аталатын әңгімесін автогонда отырып жазыпты. Шығармада көптеген жол-көлік апаттарынан соң өз ағзаларын жасанды ағзаларға ауыстырғандар туралы баяндайды.
Бүгінде сол әңгімедегі өзекті мәселелер шындыққа айналды. Жасанды ағзаларды ауыстыру сөз болмай қалды.
Бостондағы Harvard Apparatus Regenerative Technology компаниясы науқастардың ең күрделі ағза жұлын клеткалары үшін синтетикалық түтікшелер шығара бастады.
Техас жүрек институтының регенеративті медицина бөлімінің директоры Дорис Тейлор тіпті атжалман терісінен «биожасанды» жүрек жасаған. Оны тәжірибеден өткізуге 10 жыл керек екен. Ғалымдар өз жаңалықтарының болашағына сенеді және келешекте адамның дене бөлшектері түгел жасалатындығына сенімді.
«Ұшатын» сөмке
1928 жылы журналист Филип Нолан Amazing Stories журналында басты кейіпкер Энтони Роджерс қылмыспен күресу үшін ұшатын сөмкені пайдаланғаны туралы сериялы мақалалар жазған.
Реактивті сөмке әдебиеттен өмір шындығына айналды. Сөмкенің ұшуы арманнан шындыққа айналды.
Жаңазеландиялық Martin Aircraft Company компаниясы қазірдің өзінде ұшатын сөмкелерді саудаға шығарған. Ол 2500 метр биіктікте 30 минут қана ұшады.
Интернет
1898 жылы Марк Твен «Лондондық «Таймс» 1904» деп аталатын әңгіме жазған. Онда қазіргі интернеттің жай-жапсары айтылады. Жазушы телектроскоп деп аталатын құрылғы туралы әңгімелейді. Сол арқылы адамдар бірін-бірі бақылай алатындығын айтып, мәдениет, ғылым жаңалықтарын біліп, әлемнің кез келген бұрышына телефон шалуға болатындығын құлаққағыс жасаған. Барлық ақпараттың экран бетіне шығатындығын да айтқан.
Қысқасы, бұл қазіргі интернеттің басталуы екендігін алғашқы кезде ешкім білмегені анық. Бертінде кітапты құныға оқитындар шындыққа айналған жаңалыққа жағаларын ұстады.
Антидепрессант
Олдос Хакслидің «О ғажайып, жаңа әлем» романында адамдардың барлығы «сома» деп аталатын препарат ішетіндігі сөз болады. Бұл – бүгінгі антидепрессант. Ол адамның басындағы кейбір проблемаларды ұмытуына көмектесіп, масаттану сезімін сыйлап, қуанышқа бөлейді. Бұл дәріден бас тарту романда психикалық дертке ұрындыратындығы, адамның шаршап, күйзеліске түсетіндігі тілге тиек болады.
Өмірдің өзі осындай болды. Дүрліккен дүниеде жүйкесі жұқарғандар көбейді. Сондықтан да дамыған елдерде жұртшылық антидепрессантсыз күн көре алмайтын болған. Бұл таблеткаларды бірнеше жыл қатарынан қолдану химиялық және психологиялық тәуелділікке соқтырады екен. Олдос Хаксли осындай симптомдар туралы 1932 жылы жазыпты.
Өмір барған сайын қызық әрі шытырман болып барады. Жер шарында әр секунд сайын жаңалық, түрлі оқиғалар болып жатыр. Тосын жағдайларға тосқауыл боларлық зерттеулер де жүргізілуде. Осының барлығы бір-бір кітапқа арқау болары анық. Бірақ келешектің көкжиегін көрсетіп беретін, адамзатты құтқаратын жаңа туындылар жазыла ма?
Осы орайда Камал Смайыловтың үш томдық шығармаларын қайта бір қарап шығуға тура келеді. Камал ағаның кейбір публицистикалық шығармаларында келешекке ой жүгірткен тың деректер мен дәйектер айтылады.
Осындай шығармалар адамдарды кітап оқуға амалсыз жетелейді.
Жолдасбек ДУАНАБАЙ,
"Айқын" газеті